Қазақстан ұлттық құрамасы жуырда іріктеу ойындары аясында Бельгия мен Сан-Марино құрамаларына қарсы екі бірдей матч өткізеді. Михал Билек бастаған бапкерлер штабы екі апта бұрын дайындық жұмыстарын бастап кетті. Чехиялық маман қазақстан премьер-лигасының ойындарын қарап, еліміздің біршама қаласын аралап шықты. Міне, содан болар біріншілік ойындарына зер салып қараған чех маманы бабында тұрған әр клубтың мықтыларын таңдап, жанкүйерлер тарапынан зор қолдауға ие болды десек те болады. Ел құрамасында біршама матчтарға қатысып үлгерген тәжірибелі футболшылардан бөлек, көзге түсіп жүрген жас ойыншыларды да назардан тыс қалдырмауға тырысыпты. Ендеше, Михал Билек шақыртқан 24 футболшының тізіміне көз жүгірте кетсек:
Қақпашылар – Дмитро Непогодов («Ордабасы»), Стас Покатилов («Қайрат»), Игорь Щацкий («Шахтер»);
Қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко (бәрі де – «Астана»), Ғафуржан Сүйімбаев, Ян Вороговский (екеуі де – «Қайрат»), Темірлан Ерланов, Сергей Малый (екеуі де – «Ордабасы»), Олжас Керімжанов («Жетісу»), Александр Марочкин («Қайсар»);
Жартылай қорғаушылар – Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Георгий Жуков (бәрі де – «Қайрат»), Азат Нұрғалиев, Максим Федин (екеуі де – «Тобыл»), Асхат Тағыберген («Қайсар»), Александр Меркель («Хераклес», Голландия), Бактиер Зайнутдинов («Ростов», Ресей), Юрий Перцух («Астана»);
Шабуылшылар – Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»), Тоқтар Жаңғылышбай («Ордабасы»);
Жаттықтырушылар құрамы: Михал Билек – бас бапкер, Михал Хипп – бас бапкердің көмекшісі, Талғат Байсуфинов – бас бапкердің көмекшісі, Николай Родионов – қақпашылардың жаттықтырушысы, Марат Еслямов – дене даярлығы жаттықтырушысы.
Негізі құрамадағы ойыншыларымыздың қатарында жарақат алған ешкім жоқ болса да, «Астана» мен «Қайрат» ойыншыларының қазіргі жағдайы бізді алаңдататыны рас. Өйткені, "Қайрат" сапынан құрамаға шақыртылған ойыншылар алаңға көп шыға бермейтінін біріншілік басынан байқап жүрміз. Ал «Астана» ойыншыларында ойын мәнері жағынан көп өзгеріс бар. Команда ойыншылары бір-бірін түсінісе алмай, соның салдарынан соңғы кездері көп ұпай жоғалтты. ("Астана" соңғы 5 турда небәрі бір ұпай ғана жинады). Дегенмен, футболшылардың өздері алдағы ойындарға тас-түйін дайынбыз деп отыр.
Игорь Шацкий – «Шахтер» клубының қақпашысы:
-"Мен құрамаға шақыртуды тағатсыздана күтіп жүргенмін. Ол үшін біріншіліктегі ойындарды өзімді жақсы жағынан көрсетуге тырысып бақтым. Енді құрама жақсы нәтиже көрсетуі үшін ол еңбек етіп жатырмыз. Алдағы ойындардағы мүмкіндіктеріміз жайлы әлі бірдеңе деу қиын. Бапкерлер барлығын түсіндіре жатар".
Осы ойындардың алдында капитан Бауыржан Исламханның физикалық жағдайы нашар екенін айта кетуіміз керек. Қазір Бауыржан жарақаттарынан енді айығып келе жатыр. Сол себепті наурыздан мамырға дейінгі ойындарды қосалқы құрамда өткізді. Ал Максим Федин алғашқы турлардан бері «Тобыл» сапында жасындай жарқылдап жүр. Ол әр ойын сайын гол соғып, тамаша пастар беріп, командасының көшбасшысына айналып үлгерді.
Бұған қарамастан Билек бапкер өзінің шешімімен тағы да таңқалдыруы ықтимал. Неге десеңіз, бапкеріміз алдағы екі ойында мүлде екі түрлі құрам шығаратынын айтып та қалды. Оның да өзіндік себебі бар. Сан-Марино секілді Еуропа футболының аутсайдерімен құрамаға енді алынып жүрген жастар мен әлі тәжірибиесі жоқ аяқдопшылар шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде құрамаға «Ордабасы» ойыншысы Тоқтар Жаңғылышбай мен «Ақтөбе» сұрмергені Абат Айымбетовтер шақырту алуы бекерден-бекер емес. Жас ойыншыларды 11 маусым күні өз алаңымызда болатын матчта бір сынап көргісі келетін секілді. Яғни, "Астана-Аренада" жанкүйерлер аралас құрамды көруі бек мүмкін.
Тағы бір қызықты ақпаратқа тоқтала кетейік, Қазақстан құрамасы қазір Әлемнің ең үздік құрамасы Бельгиямен және ең осал ұжымы Сан-Мариномен кездеседі. Бұл екі команда да ФИФА рейтингісінің басын бастап, көшін түйіндеп тұр. Сан-Марино қазір 211-орында тұрса, Бельгия сол рейтингтің - көшбасшысы.
Шамкен БАЙЫРБЕК.