Жарнама
Жарнама

Маусымдағы екі ойын шамамызды анықтай ма?

21.05.2024, 12:23

Қазақстан құрамасының Армения мен Әзербайжанға қарсы жолдастық ойындарына шақыртылған футболшылардың кеңейтілген тізімі белгілі. Бұрынғыдан көп өзгеріс байқалмайды. Басты жаңалығы – Бауыржан Исламхан мен Айбол Әбікеннің қайтып оралуы. Жарақат пен допинг дауына байланысты көк жейдені кимей кеткен жігіттерге сәттілік тілейміз. Құрама қатарындағы футболды сағынып қалған бауырлар команданы күшейте түсер деген сенім мол

Қазақстан құрамасы
Жарнама
Жарнама

Мхитарянсыз Арменияға шамамыз жете ме?

Магомед Адиевтің командасы алдымен Ереванға аттанады. 7-маусымдағы ойын қазіргі шама-шарқымызды біраз анықтап беруі тиіс. Армения – сапалы ойыншылармен жасақталған тәп-тәуір команда. Александр Петраков жаттықтыратын құрамадағы футболшылардың жалпы құны бізден жоғары. Арменияның 33,18 млн еуросы - Қазақстанның 21,50 миллионына қарсы. ФИФА рейтингісінде де бірнеше саты жоғары орналасқан. Армения - 94, Қазақстан - 100-сатыда (ақпандағы көрсеткішті келтіріп отырмыз). Қос құрама осыған дейін жеті рет жолығыпты және кәдімгідей басымдық Арменияның жағында. Армениялық футболшылар 4 бәсекеде басым түссе, Қазақстан Ұлттық құрамасы тек бір-ақ ойында жеңіске жеткен. Қалған 2 матчта қарсыластар тең тарқасты. Армения мен Қазақстан соңғы рет 2018-жылы Ресейде өткен ӘЧ іріктеуінің аясында кездескен. Е тобындағы екі мачта Артур Петросянның шәкірттері 4 ұпайды қоржындарына бөктеріп кеткен болатын. Алдымен Ереванда сол кездегі басты жұлдыз саналған Генрих Мхитарян мен Араз Озбилиздің голдарының арқасында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіс тойын тойлады. Ал топтағы ең соңғы кездесуде тең нәтиже тіркелген болатын. Қазақстан қара күзде «Астана Аренада» болған бәсекеде айласын асыра алған жоқ. Бауыржан Тұрысбектің кездесу соңына таман соққан голы болмаса тағы да сол Генрих Мхитарянның бірінші таймдағы нәтижелі соққысы қонақтарға жеңіс сыйлайтын ба еді?

Жаздың бірінші айындағы Армения-Қазақстан сәл басқа реалийлерде жолығатыны түсінікті. Қос команданың сапында да біраз ауыс-түйістер орын алды дегендей. Армения Мхитарянсыз, бірақ оның орны ойсырап қалды деуге аузың бармайды. Қарсылас содан бері күшеймесе, әлсіреген жоқ. Иә, Армения үлкен турнирлерге шыға алмай келеді. Бірақ, бұл мүлде басқа тақырып. Біз жалпы команданың шамасын бағамдап отырмыз. Соңғы кездегі айқын көшбасшылары - Найр Тикнизян (Локомотив, Ресей), Эдуард Сперцян (Краснодар, Ресей), Грант-Леон Ранос (Боруссия Менхенгладбах) пен ҚПЛ-де өнер көрсетіп кеткен Тигран Барсегян. Бұлардан бөлек тағы да бірқатар футболшы бар. Бір байқағанымыз, Армения құрамасында өзінше бір балансқа басымдық беріледі. Біраз ойыншыны ішкі чемпионаттан шақырса, қалғанын өзге елдердің біріншіліктерінен алдырады. Негізгі жүк пен сенім де сол сырттан келетін футболшыларға артылып жүр. Армения мен Қазақстанның жолдастық кездесулеріне келер болсақ: Бұған дейін болған 3 жолдастық ойында Армения екі рет басым түсіп, бір бәсеке тең аяқталған. Соңғы рет қарсыластар осыдан 12 жыл бұрын жолығыпты. Ол ойында Армения жауапсыз 3 гол салып, айқын жеңіске жетті. Қазақстанның қақпасына кірген 3 доптың екеуін кезінде «Ақтөбе» жейдесінде ойнаған Геворг Казарян салған еді.  

                     Жақсы таныс Әзербайжан

Жалпы, Қазақстан мен Әзербайжан жақсы таныс қарсыластар. Осыған дейін екеуара 11 рет шеберлік байқасыпты. Бұл жерде сәл басымдық Қазақстанның жағында. Біздің құрама 5 бәсекені жеңіспен аяқтаса, Әзербайжан командасының еншісінде 3 жеңіс. Қазақстан мен Әзербайжан жолдастық кездесулерде де жиі жолыққан. Мұндағы статистика да Қазақстанның жағында. Біздің 3 жеңіс Әзербайжанның жалғыз жеңісті матчына қарсы. Бірақ екеуара соңғы кезедесуде Әзербайжан басым түсіпті. Бұл - Ұлттар лигасы аясындағы С тобының соңғы кездесуі еді: 2022 жылдың қыркүйегінде Бакуде болған матчта алаң иелері 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал осы турнирдегі қос команданың бірінші бәсекесінде Магомед Адиевтің шәкірттері жауапсыз екі доп соғып, 3 ұпайды қанжығаларына байлаған болатын. Ол матчта Абат Айымбетов қазіргі «Адана Демирспордағы» командаласы Шахрутдин Магомедалиевтің қақпасына дубль салған еді.

Сол кездегі іріктеуде Әзербайжан тізгіні италиялық маман Джанни Де Бьязидің қолында болған. 11-маусымда Мажарстанның Сомбатхей қаласында Қазақстанға қарсы өтетін матчқа команданы Ариф Асадов бастап шықпақ. Әзербайжандық маман клубтық деңгейде негізінен өзінің отанында жұмыс істеген. Оның мансабында «Нефтчи», «Сабах» секілді командалар бар. Сондай-ақ, Ариф Асадов бас бапкер ретінде өз елінің жастар құрамаларын да жаттықтырып көріпті. Десе де, соңғы төрт жылда Әзербайжан құрамасында бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарып келген. Демек, команданың әлеуетімен, оның мықты-осал тұстарымен жақсы таныс деген сөз. Маусымдағы Албания мен Қазақстанға қарсы жолдастық ойындар Ариф Асадов үшін де маңызы зор. Сондықтан, әзербайжандық маман осы екі бәсекеге барын салады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров