Жерлестеріміздің жеңісімен аяқталған «Астана»–«Мидтьюлланд» арасындағы ойыннан кейін елордалық қорғаушы өз ойын ортаға салды.
- Марин, бүгінгі кездесу жайлы не айтасыз?
- Өте тартысты да, тамаша матч болды. Екі емес, одан да көп гол соғатын мүмкіндіктеріміз болған. Бірақ, сәттілік жетіспеді. Оның үстіне, өкінішке қарай, екінші таймның басында қақпамызға гол жіберіп алдық. Қажетсіз гол еді. Жібермеуіміз керек болатын. Бұл голдан кейін кішкене есеңгіреп қалдық. Біреу шапалақпен беттен салып жібергендей әсер етті. Өзіміз мұндайды күтпеген едік. Бағымызға орай, соңғы 15 минуттықта өз ойынымызды қайта тауып, жеңіс голын соға алдық.
- Мұның алдындағы қарсыластарыңыз «Сутьескамен» салыстырғанда «Мидтьюлланд» қалай екен?
- «Мидтьюлландтың» монтенегролықтармен салыстырғанда әлдеқайда мықты екенін білдік, түсіндік. Сондықтан, матч қарсаңында жаттығуды да күшейттік. Бүгін біз жақсы ойнадық деп ойлаймын. Қарсыласқа мұрын шүйіре қарау деген болған жоқ.
- Қорғаушы ретінде даниялықтардың екі метрлік шабуылшыларына төтеп беру сіз үшін қаншалықты қиын болды?
- Әр команданың өз ерекшелігі бар ғой. «Мидтьюлланд» құрамына кіл бойшаң футболшыларды жинап алыпты. Оларға қарсы әуемен ойнап абырой таппасымызды білдік. Сондықтан, допты көбіне жермен домалатуды дұрыс көрдік. Әлбетте, оңай болған жоқ. Бірақ біз өз тапсырмамызды мүлтіксіз атқардық деп ойлаймын.
- Марин, екінші таймның нашар бастауларыңызды себебі неде?
- Нашар бастаған жоқпыз. Тізгін біздің қолымызда болған. Алайда, қақпамызға кездейсоқ гол кіріп кетті. Қаңғыған доп қақпамыздан табылды деуге де болатын шығар. Содан кішкене жүйкеміздің сыр бергені рас. Қателесе де бастадық. Дегенмен, дер кезінде есімізді жинап, соңғы минуттарда қысымды күшейттік.
- Үзіліс кезінде бас бапкерлеріңіз Роман Григорчуктен қандай нұсқау алдыңыздар?
- Ойын туралы сөйлестік. Осы қарқыннан таймауды талап етті. Ес жиып алуға мүмкіндік берді. Біз үшін осы да жеткілікті.
- Даниялықтардың қақпасына соғылған соңғы минуттағы жеңіс голы жайлы не айтасыз?
- Біз олардан мықтырақ екенімізді сездік. Тек соны іс жүзінде дәлелдеу ғана қалған еді. Матчтың аяқталуына 20 минут қалғанда шабуылды үдеттік. Қыса түстік және қарсыластарымызды допсыз далақтатып жүгіртіп қойдық. Біз бұл жеңіске лайықты болдық. Сондықтан, Құдай да біздің құлшынысымызды ескерген шығар. Ласлоның голы әдемі соғылды. 90 минут бойы қолдауларын аямаған жанкүйерлерге де рахмет.
- Енді Данияда өтетін қарымта кездесуден не күтуге болады?
- Өте қиын ойын болады. Даниялықтар мүлдем басқа ойын көрсетіп, шабуылды күшейтуге тырысатыны анық. Оның үстіне, ол жақта табиғи алаңда ойнаймыз. Бұл да өз әсерін тигізуі мүмкін. Дегенмен, елге өзімізге қажетті нәтижемен оралып, жанкүйерлерді кезекті жеңіспен қуантамыз деген үміттемін.
- Марин, трансферлік кезеңде «Астана» бірқатар жаңа ойыншылар алдыртты. Олар қазір командаға қаншалықты сіңісіп кете алды?
- Бүгін алаңға шыққан жігіттердің барлығы жақсы ойнады деп ойлаймын. Команда мықты ойыншылармен күшейді. Түсіністігіміз жақсы. Енді оларға да біздің ойынға бейімделіп кету үшін аз-кем уақыт керек деп ойлаймын. Мынадай құраммен бұйыртса, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаймыз. «Астанада» тек мықты ойыншылар ғана ойнау керек.
Біздің серіктес: FONBET