«Тараз» клубының капитаны Мақсат Әмірханов командадағы өзінің рөлі және «Қайратпен» өтетін матч туралы пікір білдірді.
- Мақсат, төрт жыл қатарынан команда капитаны болып келесіз. Жүгі жеңіл болмаса керек...
- Бұл командадағы ең жауапты лауазым деп есептеймін. Жігіттерді бақылауға алып, жұдырықтай жұмылдырып, командалық рух бере алуы керек. Егер алаңда бір бүтін команда бола алсақ, кез келген қарсыласқа төтеп беруге болады. Осының арқасында былтыр ел біріншілігінің көшбасшыларына лайықты қарсылық көрсеткенбіз.
- «Тараздың» қазіргі құрамынан кімді ерекше атап өтер едіңіз?
- Ешкімді бөліп-жарғым келмейді. Бізде жастардың арасында да талантты ойыншылар бар. Келешекте олар шебер футболшылар болады деп күтемін. Жастар барын салып жаттыққаннан бөлек, Премьер-лига ойындарына негізгі құрамда шығып, мол тәжірибе жинақтауда.
- Ал өзге командалардан кімді атап өтер едің?
- Меніңше, көп жігіттерді атап өтуге болады. Мысалы, Франция мен Украинаға қарсы өткен ойынды алайық. Алаңға шыққан ойыншылардың бәрі өзін жақсы көрсете алды. Жақын уақытта құрамада өнер көрсете алатын жастар толқыны келе жатыр. Біршама легионерлер де жақсы ойын мәнерін көрсетіп жүр.
- «Қайратпен» өтетін матчтан не күтесіз?
- Қиын ойын болатыны сөзсіз. «Қайрат» - Қазақстан футболындағы көшбасшылардың бірі. Бізбен ғана емес, еліміздегі кез келген командамен ойында олар ұпай жоғалтқысы келмейді. Бірақ біз өз ойынымызды көрсетіп, ұпай алуға тырысамыз. Ұпай тек «Қайратқа» ғана емес, бізге де қажет.
Біздің серіктес: FONBET