Осы күндері «Ахматтың» жартылай қорғаушысы Максим Самородов грозныйлық клубтың сапында оқу-жаттығу жиындарында жүр.
Отандасымыз маусымның ортасына таман ресейлік клубтың негізгі ойыншысына айнала бастағаны көңіл қуантады. Қазақстан құрамасының футболшысы РПЛ-де орын алған аралық үзіліс кезінде де бабын жоғалтпапты: «Ахмат» пен болгарияның «Септемвориінің» арасындағы жолдастық матчта әдемі гол салып, командасының жеңісіне сүбелі үлесін қосқан болатын. Осы орайда біздің редакция түркия жерінде жүрген футболшымен біраз мәселе жөнінде тілдесіп қайтқан болатын.
- Максим, бүгінгі кездесудегі голыңыз жайлы, жалпы матч туралы не айтуға болады?
- Кезекті бақылау бәсекесінде кезекті жеңіске жеттік. Маусымның қалған ең күрделі бөлігіне дайындық жүргізудеміз. Голға келер болсам, дер кезінде ашылып, мергендік таныттым деп ойлаймын. Бұл жерде сәттілік серік болғанын да айта кету керек.
- Клубқа жаңа ойыншы келіпті, көрдік. Қателеспесек, грузиялық форвард, иә? Шабуыл шебінде бәсекелес болмай ма?
- Жоқ, әрине. Григорий Мелкадзені айтып тұрсыз ғой? Ол екеуіміздің позицияларымыз екі түрлі. Сондықтан бәлендей бәсекелестік болады деп ойламаймын. Маусымның басында мені шабуылшы ретінде пайдаланып көрген, ал қазір көбірек қапталға салуда. Сондықтан ол екеуіміздің арамызда ешқандай мәселе болмауы керек.
- «Ахмат» қазір турнирлік кестенің төменгі сатысында орналасқан. Негізгі мақсат премьер-лигадағы орынды сақтап қалу шығар...
- Иә, кез-келген жағдайда солай болады. Десе де, біздің клуб қазіргі сатыда тұрмауы керек еді, бірақ амал не, жағдай осындай болып тұр...
- Максим, жеке өз алдыңызға қойып отырған бір мақсат, жоспар бар шығар... Мысалы, 10 гол соғамын деген секілді ойлар?
- Әрине, ондай мақсат бар, бірақ әзірге ештеңе айтқым келмейді. Алдымен соны орындап алайық, сосын көре жатармыз. Сол мақсатыма жеткенде бірдеңе деуге болады.
- Көп рахмет, Максим, сәттілік!
- Сіздерге де!
Біздің серіктес: FONBET