Биыл қарт құрлықтың ең белді футбол біріншілігіне баланатын Испанияның «Ла Лигасы» 90 жылдық мерейтойын біршама айтулы жаңалықтармен қарсы алмақ.
Алдымен бізден бір қызық сауал. Испан чемпионаты басталып та кетті. Ал сіз бұл маусымда Ла Лиганың ойындары ойналатын доп торттың форматына ұқсас жасалғанын байқадыңыз ба?
![](http://aladop.kz/wp-content/uploads/2018/09/La-Liga-dop-480x289.jpg)
Неге десеңіз, бұл мерекелік рәсімдердің басты себебі, осыдан
90 жыл бұрын, яғни
1929 жылдың 10 ақпанында Испания чемпионатының алғашқы ойындар өткен-ді. Міне, дәл сол сәттен осы күнге дейін күллі испан халқы футболмен тыныстап келеді десек артық айтқандығымыз емес. Бір қызығы осы уақыттың арасында чемпионат тура 90 емес, 87 рет сарапқа салыныпты. Өйткені, елді қырғынға салған 3 жылдық азамат соғысы футбол клубтарының жасыл алаңда өнер көрсетуіне ырық бермей тынған. Айта берсек, көрермендер үшін 2018-19 жылғы футбол маусымының өзіндік жаңалықтары жетерлік.
VAR жүйесі.
Енді Ресейдегі доп додасында сынақтан сәтті өткен VAR жүйесі Ла Лигада да төрешілер мен клубтарға көмекке келетін болады. Биылғы мундиальдан бөлек, бұған дейін клубтық деңгейде Германия, Италия мен Португалия чемпионаттарында қолданылып, көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Себебі, видео қайталаулар арқылы даулы жағдайлардың шешімін тауып, өткен 3 турдың өзінде кәдеге жарап жатқанын Ла Лиганың техникалық төрешілер комитетінің президенті
Карлос Веласко Кабайо ерекше атап өтті.
Ассиметриялы ойындар күнтізбесі.
Бұған дейін Ағылшын премьер-лигасында сәтті қолданылып келген жүйе Переней түбегінеде ат ізін салды. Ассиметриялы күнтізбенің арқасында енді Ла Лиганың ойындары екінші айналымда дәл бірінші айналымдағыдай кезек бойынша өтуі шарт емес. Сайып келгенде бұл телевизиялық көрсетілімдер мен орталық матчтар кезінде жанкүйерлердің көптеп келуі үшін орайластырылмақ. Оның үстіне аталған күнтізбе клубтардың біршама қаржыны үнемдеуіне жол ашпақ.
Жаңа маусымның жаңалықтарынан енді Примераның 90 жылдық тарихнамасындағы қызықты статистикалық деректермен танысайық.
- Ла Лига тарихындағы алғашқы голды Хосе «Питус» Прата соқса, сол ең алғашқы допты жіберген қақпашы – Антонио «Парахито» Эмери екен. Бір қызығы, «Парахито» қазіргі «Арсеналдың» тізгін ұстары Унай Эмеридің туған атасы.
- «Атлетик» Бильбао 1929-30 жылғы Примераны жай жеңіп қана қаймай, бір маусымды ешбір ұтылыссыз аяқтаған жалғыз команда. Бұл рекордтың қаймағын өткен жылы «Барселона» бұзуға аз қалған болатын. Алайда, Вальверде шәкірттерінің 37 турда сырт алаңда Левантеге (5-4 есебімен) есе жіберуі бәріне мезгілсіз нүкте қойды.
- 1931 жылы 8 ақпанда Ла Лига тарихындағы ең нәтижелі ойын өтті. «Атлетик» - «Барселона» арасындағы ойын 12-1 есебімен басктардың пайдасына аяқталды. Әрі дәл осы маусымда «Атлетик» тек қосымша (гол соғу және гол жіберу) көрсеткіштері бойынша ғана чемпион атанып кеткен-ді. Аталған жағдай Испан біріншілігінің тарихында бұдан кейін қайталанбаған.
- «Реал Мадрид» 1947 жылы 13 қарашада Ла Лига тарихына, жейдесінде алғаш рет номерлерді қолдана бастаған клуб ретінде кірді. Ал номермен қоса ойыншылардың аты 1995-96 жылғы маусымнан бастап бірге жазылып келеді.
- Хоакин – Ла Лигада ең көп ойын өткізген футболшы. Ол 2000 жылдың 3 қыркүйегіннен бастап, бүгінге дейін 489 ойында алаңға шыққан.
- Ал Рауль болса бір клуб үшін ең көп ойын өткізген футболшы ретінде Ла Лигада көш бастап келеді. Ол «Реал» жейдесінде 550 ойын өткізген.
- «Реал Мадрид» 1956-57 жылғы маусымның 23 турынан бастап, 1964-65 жылғы маусымның 25 турына дейін өз алаңында жеңіліп көрмеген жалғыз команда. Яғни, «Сантьяго Бернабеу» Испаниядағы басқа стадиондарға қарағанда «ең алынбас қамал» ретінде көпшіліктің есінде қалмақ. Бұл жеңіліссіз серияны Мадридтің өзге клубы «Атлетико» араға 8 жыл 18 күн салып барып тоқтатқан болатын.
- «Реал Сосьедад» капитаны – Хуан Антонио Ларраньяга біріншілікте қатарынан ең көп ойын өткізген ойыншы екен. Ол 1985-86 жылғы біріншіліктің 23 турынан бастап, 1992-93 жылғы 2 турға дейін жасыл алаңда қатарынан 202 ойында тер төккен көрінеді.
- Биыл Ла Лига тариыхында соңылған ең жылдам голға 11 жыл. Аталған голды «Эспаньол» қақпасына Хосеба Льоренте төреші ысқырығы шалынған соң, 7,3 секунд ішінде қарсылас қақпасына аттандырыпты.
- «Барселона», «Реал Мадрид», «Атлетик», клубтары ешқашан жоғарғы лигадан «Сегундаға» түсіп көрмеген санаулы ұжымдар. Ал «Жирона», «Леганес», «Эйбар» клубтары өткен жылы тарихында алғаш рет Примераға жолдама алыпты.
Сонымен, 90 жылдық біріншілік қарсаңындағы тың жаңалықтар мен сол аралықтағы елеулі оқиғаларды сізбен бірге бір шолып шықтық. Материал сіздерге қызықты әрі пайдалы болды деген сенімдеміз.
Шамкен БАЙЫРБЕК.