Жарнама
Жарнама

Керекуге футбол қашан оралады?

25.01.2021, 22:15
«Ертісті» қайта көреміз бе?
Жарнама
Жарнама

2020 жыл. Футболдан Қазақстан чемпионаты бастау алатын уақыт. «Ертіс» футбол клубының жабылатыны, чемпионаттан тыс қалатыны мәлім болды. Иә, бұл футбол жанкүйерлері үшін өте ауыр соққы болғаны анық. Қазақстандағы беделді командалардың бірінің осылайша бір мезетте футбол аренасынан шығып қалуы бәрімізді бейжәй қалдырмады. Әрине, бас кезінде қиындық шешіліп, осы бір ең жүлделі клубтың ойынын қайта тамашалаймыз деген үміт болғаны жасырын емес. Осы жаңалық жария болғаннан кейін біршама уақытта «Ертістің» не себепті күйрегені анық болды. Клуб қарызға белшесінен батып, оны өтейтін шамасы жоқ екенін айтты. Содан соң чемпионатпен қош айтысты.

Енді аталған жайтты, айтылған сындар мен пікірлерді тарқатып көрсек. Ең бастысы қаржы мәселесі екенін білдік. Бірақ, осындай жағдайға дейін жететінін сол кездегі клуб басшылығы білмеді десек өтірік болатыны түсінікті. Неге алдын алмады? Неге бөлінген қаржыны дұрыс игермеді? Неге нөмірі бірінші спортқа селсоқ қарады? Әлде, өз керектерін алып болып, қолын бір сілтеді ме? Осы сипаттағы сұрақтар әлеуметтік желіні толтырып, өзекті мәселеге алып келді. Осыдан кейін керекулік ұжымның өз қалыптасқан жанкүйерлер тобы бар екенін көз көрді. Олар қолдарынан келгенше күресіп, облыс басшылығынан өз командаларын қайта қалыпқа келтіруді сұрады. Бірақ, олар аталған қарыз сомасын қайтаратын еш мүмкіндік жоқ екенін жеткізді. Павлодар өңірі футболсыз қалды. Әрине, "Ақсу" мен "Екібастұз" өңірлерінің намысын қорғайтын қос аймақтық ұжым бар, дегенмен олар төменгі лигада өнер көрсетеніні белгілі. Ол ұжымдардың жоғарғы лигада бақ сынап, «Ертістің» орнын басатын қауқары бар деудің өзі қиын.

Ал енді не болды? Біздің футболдағы бітпейтін қаржы мәселесі, футболға құрылған жүйенің қате екендігі, болмайтын шет ел ойыншыларына қаражатты оңды-солды шашу, «Ертістей» есті клубтың түбіне жетті. Футбол секілді өз-өзін ақтайтын спортқа бөлінген қаражатты қалталарына басып, қара бастарының қамын күйіттеген, футболдың иісі мұрындарының ұшына бармайтын, қазақтың азаматы дейтін адамдардан артылмай, кереку футболы құрдымға кетті.

Жанкүйерлері бар, талапқа сай алаңы да бар, біздің елдегі басқа ұжымдармен салыстырғанда әлеуеті жақсы, Қазақстандағы экономикасы жоғары қалада жасақталған осындай ұжымның құлдырауы, біздің басқа клубтарға сабақ болуы керек.

Футболды сүйетін, ала доп десе ішкен астарын жерге қоятын, солтүстік аймақ болғандығына қарамастан суық ауа-райы кезінде де өз командаларын жанкүйерсіз қалдырмайтын Павлодар секілді қалаға футбол керек-ақ. Естір құлаққа бұл барша футбол жанкүйерлерінің жан айқайы. Сізді де толғандыратын осы бір сұрақтың жауабы беймәлім күйде. Керекуге футбол қашан оралады?

Нақысбек Серікбол

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров