Жарнама
Жарнама

Кек қайтарар кез келді

10.07.2018, 03:56
Жарнама
Жарнама
Әлем чемпионаты аяқталуына небәрі 4 матч қалды. Бір ай бойы делебені қоздырған доп додасының да аяқталуына аз қалды. Бірақ, сол 4 ойынның да түгел маңызды болып тұрған жайы бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Ширек финалдың алғашқы күні Уругвай мен Бразилия жапрыстан шығып қалды. Осыдан соң жарыста қалған 6 команданың 6-ауы да Еуропаның командалары еді. Бұні білген баспасөз құралдары «ЕУРО-2018 жарысы басталды» деп жар салды. Расымен де кәрі құрлық футболы қазір күллі әлемге үстемдік құрып тұр. Латын Америкасынан келген үш командамыз да жарыстан шығып қалған соң, кубок Еуропада қалары анық болды. Осы кезге дейін 11 рет кубокты еуропалықтар жеңсе, 9 мәрте Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері ұтқан. Ал биыл 21 чемпионаттың нәтижесінде Еуропа 12-кубокты иеленгелі тұр. Сонымен жарыста қалғандар: Франция, Бельгия, Хорватия, Англия. Франция чемпионат барысында аса қатты қиындық көре қойған жоқ. Тек плэй-офф бастала берген тұста Аргентина қарсылық көрсетті демесеңіз. Бірақ, Месси бастаған сайыпқырандардың қақпасына франциялықтар 4 гол соқты. 19 жастағы шабуылшы Килиан Мбаппенің есімі қазір ел аузында. Бұл ойыншыға «Реал» Мадрид командасы қызығып отыр. Егер Криштиану Роналдудың «Ювентуске» ауысатыны расталса, онда «Реал» Мбаппе үшін қаржыны аямайтыны анық. Ал Туриндік клуб Роналдуды сатып алу үшін шабуылшы Гонсало Игуаинді «Челсиге» 60 миллионға сатып та үлгерді. Енді жақын күндері бұл сауалдың да жауабын естиміз. Сонымен Франция – Бельгия арасындағы ойынның фавориті Дидье Дешам шәкірттері екені анық. Алайда, Бельгия да қарап қалмасы анық. Бельгия 5 ойында 14 гол соқты. Ал француздар тек 9 гол салған. Есесіне, Франция қақпасына 5-ақ гол жіберсе, «қызыл» сойқандар» 4 доп өткізіп алды. Еуропа чемпионатының финалисі қорғанысымен мақтанса, Бельгия топырлатып гол соғатын шабуылымен дараланады. Алғашқы жартылай финалдық кездесу 10 шілде күні Санкт-Петербор қаласында өтеді. Ойын Астана уақытымен түнгі 00-00-де басталмақ. Екінші жартылай финалда Хорватия мен Англия кездеседі. Бұл командалардың арасындағы ойында да қызықты оқиға орын алуы мүмкін. Оған себептер көп. Екеуі де пенальти серияларын жақсы пайдалана алады. Екеуі де, қорғанысты қымтап ұстайды. Алайда, бұл командалардың тарихтағы 2 кездесуі қиян-кескі кездесу болатынына сендіреді. Бұрындары болған жылы қарым-қатынасты хорваттар өздері құртып алып еді. 2008 жылғы ЕУРО жарысының іріктеуінде топтан шығып қойған Хорватия Лондонда Англияны жеңіп, британиялықтарды іріктеуден өткізбей тастаған. Осы ойында тең нәтиже екі командаға да жеткілікті еді. Шақпақ жейделілердің бұл ісіне шамданбаған ағылшын қалмап еді. Кек сақтаған ағылшын ойыншылары осы бір жағымсыз оқиғаны еске салып, хорваттарды жер қылып ұтудың сәтін күтті. 2010 жылғы Әлем чемпионатының іріктеуінде жеребе екі команданы тағы да бір топқа түсірді. 2008 жылы 10 қыркүйекте Загребтегі «Максимир» стадионында Англия Хорватияны 4:1 есебімен аямай ұтты. Тео Уолкот хет-трик жасап, Уэйн Руни оны қостай кетті. Одан кейін жауапты ойында ағылшын аяқдопшылары тағы да екілене ойнады. Қонаққа келген Хорватияны 5:1 қылып, масқарасын шығарды. Ағылшындардың шақпақ жейделілерге деген өкпесі қара қазандай болғаны соншалық, кек алу процесі бұл ойындармен де шектелмеді. Ұлыбританиялық футболшылар топтағы бірінші орынды 100 пайыз алатыны белгілі болған соң, Хорватияға тікелей бәсекелес болып тұрған Украинаға әдейі жеңіліп, Англияға гол соққан Манджукичтің отандастарын мундиальға өткізбей тастады. Екі ортада пайдасын Украина көріп кетіп еді. Бұл оқиға әлі де жанкүйер жадында. Хорватия құрамасында қазір Деян Ловреннен басқа Ағылшын чемпионатында өнер көрсететін футболшы жоқ. Ескі кек ұмытылды ма, жоқ бұл жолы барлығы басқаша бола ма оны тек жасыл алаң ғана көрсетеді. 11-шілде күнгі екінші жартылай финалдың соңы төбелеске ұласып, жаға жыртысуға дейін баруы мүмкін. Хорваттардың да есе қайтарғысы келері анық.
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров