Қазақстан Премьер-лигасының басталуына да тұп-тура бір ай уақыт қалды. Бүгінде Түркия жерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан отандық клубтардың бірқатары бүгін жолдастық кездесулер өткізді.
Румынияның әуесқойларын әрең жеңді
Петропавлдың «Қызылжары» Румынияның үшінші лигасында өнер көрсететін «Униря» клубымен ойнады. Қарсылас азулы болмаса да теріскейлік командаға біраз қиындық туғызды. Тіпті, тіс батырып, қазақстандық клубқа бір емес екі гол соқты. Бірақ, Қызылжар тартысты өткен матчта 3-2 есебімен жеңісті жұлып алды.
Атырау болгарлық клубтан басым түсті
Ал Атырау Болгарияның «Монтана» клубымен жолдастық кездесу өткізді. «Мұнайшылар» бұл ойында қарсыластан барлық жағынан басым болды. Матч 3-0 есебімен атыраулықтардың пайдасына аяқталды. Ерсұлтан Қалдыбеков, Гиорги Никабадзе және Темірлан Жиеналиев мергендігімен көзге түсті.
Ақтөбе өз ойынын таба алар емес
Ақтөбе Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында әлі өз ойынын таба алмай жүр. Бас бапкер Игорь Леоновтің қазіргі құрамға көңілі толмайтын секілді. Команданың шабуыл шебіне мықты ойыншылар жетіспейтінін жолдастық кездесулер аңғартып отыр. Бұл жолы Өзбекстан біріншілігінің «Бунедкор» клубымен кездесіп, 0-0 есебімен тең тарқасты. Кезіндегі атағы шыққан ташкенттік команда былтыр ел чемпионатын 10-орынмен аяқтаған.
Елімай Бұхараға жеңілді
Мақтаулы Елімайдың да жолдастық кездесулердегі нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Андрей Карпович шәкірттері былтыр Өзбекстанның бірінші лигасында ойнаған Бұхарадан 0-2 есебімен ұтылды. Биыл жүлдеге таласуға ниет танытып отырған семейліктерге әлі көп нәрсе жетіспейтін секілді. Жасыл алаңда жүйелі ойын көрсете алмады. Ал өзбектер Каропвичтің «автобусын» бұзып-жарып жауапсыз екі гол соқты.
Біздің серіктес: FONBET