Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасын неге қазақ бапкері жаттықтырмасқа?

Бүгін күллі қазақ жанкүйері Станислав Черчесовтің қызметінен босатылғанына қуанып, сүйінші сұрап бөркін аспанға лақтырып жатыр. Ресейден ат тағалап алдырған маман ұлттық құраманы пұшпаққа шығармады. Ең сорақысы Ұлттар лигасының В дивизонында бірде-бір ойында гол соқпай Еуропаға масқара болдық. Ендігі мәселе, Қазақстан ұлттық құрамасын кім жаттықтыруы керек? Тағы сырттан бапкер шақырып, шетелдіктің жаттықтырушының қалтасын қомпайтып, бармақ тістеп қалмаймыз ба? Міне, осы сауал қазір кімді болса да толғандырып отырғаны анық.

Жарнама
Жарнама

Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, сырттан келіп мінімізді ешкім түземейтіні белгілі. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда ұлттық құрамаға бапкерді отандық мамандардың ішінен тағайындау дұрыс шешім болатын сияқты. Себебі, уақыт тығыз. 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына алғашқы іріктеу ойындары наурызда басталады. Оған бір ай қалғанда шетелден жаттықтырушы алдыру бос әурешілік. Ол біріншіден ішкі чемпионаттан бейхабар, екіншіден ойыншылардың әлеуетін білмейді. Яғни, бәрін біліп-түсініп болам дегенше тағы бір іріктеу кезеңі өтеді де кетеді. Иә, қазақ бапкерлерінен дәл қазір құраманы баптайтын кімің бар дегенде, бірінші кезекте Қайрат Нұрдәулетов ойға келеді. Елге есімі футболшы ретінде танылып, мансабын аяқтағаннан кейін Қайрат бапкерлік баспалдақтың барлық сатысынан өтті. Бүгінде тәжірибесі толысқан маман. Кезінде Қазақстан құрамасын біршама уақыт жаттықтырған Станимир Стоиловтың өзі жанына көмекші етіп дәл осы Қайрат Нұрдәулетовты алдырған болатын. Одан кейін де U-21 жастар құрамасын тізгіндеп, бір сыпыра жаңа толқын жас ойыншыларды негізгі командаға өсірді. Ал клубтық деңгейде «кризисный менеджер» деген атқа ие болды. ҚПЛ-да ең аз бюджетпен «Мақтааралдың» чемпионаттағы орнын сақтап, Жан-Али Пайруз, Рамазан Кәрімовтердің жұлдызын жақты. Талдықорғандық «Жетісу» да Қайрат Жұмабекұлымен жаман болған жоқ. Әділхан Добай, Асхат Балтабеков секілді қазақ футболшыларының шеберлігін шыңдап, екеуі де ұлттық құрама ойыншысы атанды. Міне, осындай өз мамандарымыз барда неге сырттан бапкер алдыруымыз керек? Черчесовтен зорға құтылғанымызбен ҚФФ келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін ресейлік жаттықтырушыға әлі 500 мың еуро қаражат төлеуі керек. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Жіберген қателіктен сабақ алатын уақыт келді. Іріктей ойындарына бір ай қалғанда сырттан келімсек бапкер іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Сондықтан, Қазақстан ұлттық құрамасының тізігінінде қазақ бапкерін көрсек деген қаншама мыңдаған жанкүйердің талап-тілегі бар.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров