Қазақстанда кәсіби футболға жыл сайын мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаржы бөлініп келеді. Осы орайда, ел клубтарын жекенің қолына беріп, демеушілер есебінен өмір сүруі қажет деген сыншылардың пікірін жиі естиміз. Еуропалық командалар секілді отандық клубтар өз күнін өзі көре ала ма? Осы мәселені саралап көрсек.
Қазақстанда жыл сайын футбол клубтарына кемі 1,2 млрд. теңге жергілікті бюджеттен қаржы қаралады. Ал жүлдеге таласатын командаларда бұл сома 3 пен 8 млрд теңгеге дейін өседі. Бірақ, Еуропа бәсекелеріндегі нәтижеміз көңіл көншітпейді. Тек, бір «Астана» ғана қазақ футболының абыройын жерге қаратпай, топтық кезеңге шығып жүр. Оның өзі «Самұрық-Қазына» Қорынан бөлінген есепсіз қаржының нәтижесі. Ал биылдан бастап ел қазынасынан шетелдік ойыншыларға жалақы төлеуге заңмен тыйым салынды. Бұл дұрыс та шығар? Бірақ, ішкі чемпионатта тек қазақтармен ойнап, өз қазанымызда өзіміз қайнағаннан деңгейіміз өсе ме? Қазір отандық командалар легионерге жалақы төлеу үшін демеуші іздеп шала бүлініп жатыр. Тіпті, мүмкіндігі жоқтар бас тартып, қазақстандық футболшылармен өнер көрсетуге бел буды.
Ал шын мәнінде, елдегі клубтарға демеуші болуға әлеуеті зор ірі компаниялар көп. Бірақ, олар оған түк қызықпайды. Өйткені, футболға қаржы құйғаны үшін мемлекеттен инвесторға ешқандай жеңілдік жоқ. Тіпті, демеушілікке бөлген қыруар сомасы үшін салық төлеп, қосымша шығынға ұшырайды. Мұндай жүйемен отандық футбол ешқашан өз бетімен күн көріп кете алмайтыны анық. Сондықтан, Қазақстанда кәсіби футболды қаржыландыратын жеке компанияларға ынталандырудың түрлі жолдарын қарастыру қажет. Мәселен, көршілес Өзбекстанда футбол клубтары салықтан босатылған. Ал Еуропаның кейбір елдерінде футболға демеуші болған инвесторларға салық төлеуде үлкен жеңілдіктер бар. Міне, осының арқасында еуропалық клубтар демеуші есебінен қаржыландырылып, мемлекет қазынасына қол салмайды.
Біздің билік басындағылар футболға көзқарасын өзгертпесе жағдай жылдан жылға қиындай түседі. Үкіметке Еуропаның озық тәжірибесін қолданып, футболды жеке инвесторларға берудің тиімді тетіктерін қарайтын кез келді. Егер, клубтар демеуші есебінен қаржыландырылса, жыл сайын мемлекет 20-25 миллиард теңге үнемдейді екен. Яғни, Президенттің “белді буып, үнемдеп өмір сүруді үйреніміз керек” дегені осы. Ерте ме, кеш пе қазақ футболы ел қазынасына тәуелділіктен арылуы керек...
Біздің серіктес: FONBET