Әли Әлиев Әлем біріншілігінің іріктеуі алдында құрамаға оқу-жаттығу жиындарын өткізіп алмақ ниетте.
Осы мақсатта ҚПЛ өкілдеріне сауын айтып, біраз ойыншыны сұратқан. Құрама бапкерінің бұл өтінішіне барлығының құлақ асуы көңіл қуантады. Тек сол Қазақстан чемпионы бірнеше ойыншыны клуб қарамағынан жібермей қойса керек. Дені ҚПЛ клубтарынан жасақталған командаға Әли Ханәлиұлы қақпашы Темірлан Анарбеков пен қорғаушы Дамир Қасаболатты да қоспақшы болыпты. Бірақ, алматылық команда «жаңа маусым тақалып тұр, жігіттерді өзіміздің жаттығуларда тексеруіміз қажет» дегенді желеу етсе керек. Кім білсін, «Қайраттың» да өз ойлағаны бар шығар, бірақ құрама мәртебесі барлығынан жоғары тұру тиіс сияқты еді. Одан кейін алматылық команданың негізгі құрамына енді-енді тартылып жүрген Темірлан мен Дамирдің өзіне де бұл үлкен плюс болатын еді ғой. Құрама қатарындағы жасы үлкен, жиғаны мол футболшылардан біраз дүниені үйреніп қалатын еді. Біздіңше «Қайрат» бұдан ұтпаса, ұтылмайтын еді. Қысқасы, «Қайрат» кері тартпай, жас футболшыларын бір шыңдап алатын тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Оның үстіне, жуырда біздің редакцияға сұқбат берген Дамир құрама жейдесін киуді өзіне үлкен мәртебе санайтынын да тілге тиек еткен.
Хош, бұл жағдай осылай тәмам. Құраманы тізгіндеген бапкерлік қосын «Қайраттың» өкілдерінсіз-ақ бір амалын табар деп сенеміз. Әли Ханәлиұлы мен көмекшілері осыған дейінгі штабтың назарына ілікпей жүрген біраз азаматты шақыртыпты. Құрама бас бапкерінің БАҚ өкілдерімен өткізген алғашқы баспасөз-мәслихатында айтқанындай, «енді барлығы футболшылардың өз қолдарында».
Әли Әлиев, Қазақстан құрамасының бас бапкері;
«Тағы да қайталап айтамын, ұлттық команданың есігі барлығына бірдей ашық. Кім өзін жақсы қырынан көрсете алады, біз барлығын жіті қадағалайтын боламыз. Маған ешқандай лига маңызды емес, барлығына бірдей зер салып, стиліме келетіндерді іріктеймін».
Қазақстан құрамасына шақырту алған ойыншылар тізімі:
Қақпашылар: Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Дінмұхаммед Жомарт («Жеңіс»), Нұрасыл Тоқтаров («Атырау»);
Қорғаушылар: Ұлар Жақсыбаев («Ордабасы»), Ади Адамбаев, Алмас Төлібай (екеуі – «Елімай»), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Асқар Сатышев («Тұран»), Амандық Набиханов («Атырау»);
Жартылай қорғаушылар: Абылайхан Назымханов («Елімай»), Серікжан Мужиков, Ален Айманов («Жетісу»), Жаслан Жұмашев, Наурызбек Жагоров, Мейрамбек Қалмырза, Данияр Үсенов (бәрі – «Тобыл»), Равиль Атыханов («Атырау»), Давид Есімбеков («Черноморец», Ресей);
Шабуылшылар: Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»), Оралхан Өміртаев, Айбар Абдулла («Ақтөбе»).
Байқасаңыздар бұл тізімде негізінен Станислав Черчесовтің тұсында құрамаға ілінбеген ойыншылар. Олардың барлығы әрине, ертең Уэльс пен Лихтенштейнге қарсы кездесулерде алаңнан бой көрсетеді деген әңгіме жоқ. Біздің мамандардың жақын резервке көңіл бөлуі, оны осылай ауқымды зерттемекке ниеттенуінің өзі отандық футбол үшін жетістік. Қалай дегенде де Әли Әлиев жаңа ойыншыларға назар салып, әлеуетін байқап көрмекші. Қазақстан құрамасының Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны бүгін басталып, тура бір аптаға созылмақ. Қысқасы, бапкерлік құрам ойыншылардың Белекте біліктілігін тексеріп көрмек.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльс, Лихтенштейн, Солтүстік Македония және Бельгия командаларымен бірге J тобында сынға түспек. Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін 23-наурызда сырт алаңда Уэльске қарсы ойынмен бастаса, 26-наурызда Лихтенштейнмен шеберлік байқасады.
Біздің серіктес: FONBET