Футбол тарихында жарақат алған футболшылардың қарасы қалың. Алаңнан тыс та өз қателіктерінен жарақат алған ойыншылар да жетерлік, бірақ адамның төрт аяқты досы саналатын иттің кесірінен қатардан шығып қалған аяқдопшыларды білесіз бе?
1970 жылы Англия төртінші дивизионының «Брентфорд» және «Колчестер» клубтарының арасындағы кездесу барысында алаңға ит шығып, доптың артынан жемтігіне жүгірген бөрідей қуалайды. Ит допты қуып жеткенде доп «Брентфорд» қақпашысы Чик Броудидің қолында еді. Итіміз қарап қалмай, Броудимен қақтығысып, құлатып кетеді. Коментатор: «Не деген аяқтан шалу! Тамаша шалыс!», - деп мәз болып отырғанмен, Чик ауыр жарақат алған екен. Сол жақ тізесін ауыртып, бес айға дейін алаңға шыға алмады. Осы жайында Чик: «Ит кішкентай болғанымен, тіземе өте қатты соғылды», - дейді. Маусым аяқталар тұста бес ойынға қатысып, чемпионат аяқталысымен сол бір жарақаты салдарынан 34 жасында мезгілінен бұрын мансабына нүкте қоюға мәжбүр болды. Ара-тұра әуесқой лигаларда өнер көрсетіп тұрды. Негізгі табыс көзі ретінде лондондық такси жүргізуші болып жұмыс істеді. Ал 2000 жылы аты жаман аурумен ауырып, 63 жасында өмірден озды. «Аралардың» сапында сегіз жыл тер төгіп, негізгі қақпашы болғаны бағаланып, «Брентфорд» құрмет залына енгізілген.
Ал Австрияның үздік футболшыларының бірі Марко Арнаутович 2012 жылы бремендік «Вердер» қатарында өнер көрсетіп жүрген кезінде бақшада итімен ойнап жүріп, оң жақ тізесінің буынын ауыртып, алты апта бойы алаңға шыға алмады. 31 жасар Марко қазіргі таңда Қытайдың «Шанхай СИПГ» командасының намысын қорғап жүр. «Қызыл бүркіттердің» сапында 11 ойында алаңға шығып, тоғыз мәрте қақпаны дәл көздеген.
1990 жылдардың соңында Даррен Бернард «Барнслидің» маңызды ойыншыларының бірі еді. Сонымен қатар лондондық «Челси» қатарында ойнағанымен де көпшілікке танымал. Сол Даррен «шахтерларды» көптен күткен Премьер лигаға бастап келе жатқан. Бір күні таңғы асын ішуге ас бөлмеге келеді. Гримсби есімді күшігі линолеумге кіші дәретін сындырып кеткен екен. Оны байқамаған Дарреннің аяғы тайып, құлап, тізесінің буыны созылып, жарты жылға қатардан шығып қалады. «Барнслиден» кейін Бернард «Гримсби Таун», «Олдершот Таун» һәм «Кэмберли Таун» сынды командаларда өнер көрсеткен. Жалпы мансабында бас-аяғы 609 ойын өткізіп, 106 мәрте қақпа торын тулатқан.
«Челси» 1999 жылы Карло Кудичиниді екінші қақпашы ретінде сатып алған. 2001 жылы Премьер-лиганың жаңа маусымын негізгі құрамда бастауы керек еді. Бірақ төрт аяқты серігінің кесірінен ауруханадан бір-ақ шықты. Итімен серуендеп жүргенде иті бірдеңенің иісін сезіп, атыла жөнеледі. Итпен бірге орнынан кілт қозғалған Карло тізесін ауыртып, асыға күткен негізгі құрамдағы орнын австралиялық Марк Босничке беріп қояды. Осы жайында «Челсидің» екінші жаттықтырушысы Гвин Уильямс: «Оның иті ротвейлер ме, әлде пекинес пе білмеймін, бірақ иті қоян, әлде соған ұқсас бірдеңені көріп, тұра ұмтылды. Карлос бірден қозғалып, аяғын қайырып алды. Одан кейін аурухана, ота... Сайтан алғыр ит-ай!» - деп итке ашуын білдіреді. Карло қақпашы ретінде 282 ойынға қатысып, 277 гол өткізіп алған. Қазіргі таңда «Челсиде» жалға берілген ойыншылармен жұмыс жасайтын жаттықтырушы қызметін атқарады.
Жеті қазынамыздың бірі саналатын иттен жапа шеккен аяқдопшылардың тізімі осындай болды.
Марғұлан ЖАҚЫП
Біздің серіктес: FONBET