Қостанайлық "Тобылдың" бас бапкері Григорий Бабаян Қазақстан Премьер-лигасының 3-туры аясында "Астанамен" болған матчты қорытындылады:
- Өте қиын және эмоционалды ойын болды. Жеңіске жетуді қаладық және ойын бойынша жеңуіміз керек еді. Екінші таймның алғашқы бес-жеті минутында және матчтың соңында сәтсіз ойнадық. Бізге сергектік пен эмоция жетіспеді, концентрацияны да жоғалтып алдық, сол себепті қарсыласымыз гол соғып кетті. "Астананың" күшін білдік, көшбасшылары Марин Томасов пен Тигран Барсегянды "өшіруді" қаладық. Белгілі бір дәрежеде бұл қолымыздан келді. Жақсы футбол көрсеттік деп ойлаймын.
Әрине, команданың доппен одан да сенімді ойнағанын қалаймын. Шабуылшыларымызға тоқтап қалмау керек, мүмкіндіктер бар, бірақ соны пайдалана алмауда, олай болмайды, бұл олардың жұмысы және осы туралы ойлану керек. Қорғаныс шебінде де жұмыс істеуді қажет ететін дүниелер бар.
Сондай-ақ, біздің команданың жеті ойыншысы ұлттық құрама сапына шақырту алды және еуропалық аренада еліміздің намысын лайықты түрде қорғағанын айтуға тиіспін. Бұл бүгінгі матчқа өз әсерін тигізді. 9 күнде 3 ойын, алыс сапарлар - бұл футболшылар үшін үлкен жүктеме және ойыншыларға жоғалған эмоциясын қалпына келтіру қиын, бірақ жігіттер бұған төтеп берді.
Жаттығу кезінде Жереми Манзоро өзін ыңғайсыз сезінді және біз тәуекелге бармай, оған үзіліс береміз деп шештік. Сондай-ақ, жанкүйерлерге алғысымды білдіргім келеді, маған манеждегі атмосфера ұнады, рахмет сіздерге!
Біздің серіктес: FONBET