![](https://sun9-5.userapi.com/c824604/v824604843/182eaf/t8-Rk5hQySM.jpg)
Жақында «Астана» футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук өз қызметінен уақытша бас тартты. Оның міндетін Григорий Бабаян атқара тұрады. Григорчуктың не себепті командадан кеткені әлі белгісіз.
Қазақстан футболының ардагері Юсуп Шадиевтің айтуынша, ол үшін Григорчуктың командадан кетуі – күтпеген шешім болған.
«Григорчуктың кетіп қалуы мен үшін күтпеген шешім болды. Мүмкін шынымен жеке өмірінде бір жағдай болған шығар немесе басқа клубтан ұсыныс түскен болар. Дегенмен бұл клуб үшін айтарлықтай жоғалту емес. Қазір басқа бапкер шақырып шабылудың да қажеті шамалы. Одан да Бабаянға мүмкіндік беріп, жыл соңына дейін оны жұмыс істету керек. Бабаян Стойловтан көп нәрсе үйренді. Базасы өте мықты. Ол ойыншыларды басқарып, ойната алады. Оның үстіне жігіттер де кәсіби ойыншылар. Тапсырманы ойдағыдай алып шығады. Стойловтың кезінде «Астана» толассыз шабуылдайтын, ал Григорчуктың келісімен құрамға Логвиненко, Зайнутдинов сынды мықты ойыншылар сирек іліге бастады. Оның командаға келуімен команда жақсы ойнады, бірақ жиі жеңілді. Бабаянмен бірге «Астана» ел чемпионатында жеңіске жете алады және Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыға алады деп үміттенемін.
Ал алдағы кездесуге келетін болсақ, «Астана» АПОЭЛ-дан айналып өте алатындай деңгейде. Жазда команда біраз күшейді, мықты футболшылар келді. Ең бастысы – сырт алаңда өтетін матчта гол соғу. Ұтылып қалсақ та, гол соғып алу керек. Сонда үйдегі ойында жеңілірек болады» дейді Шадиев.