Жарнама
Жарнама

Футболды дамытудың Созақтық үлгісі

12.02.2018, 19:58
Жарнама
Жарнама
Футбол - бұқаралық спорт. Ал, біз айтып отырған бұқаралық спортыңызды созақтықтар бақайшағына дейін меңгерген. Кеңес Одағын дүркіреткен «Шалқар» командасының, ұлттық құраманың шабуылшысы Таңат Нөсербаевтың жұлдызды жолын жерлестері жалғастырып келеді. Домалақ допқа деген құлшыныс соңғы кездері сұрапыл. Бейне бір барлық созақтықтар доп теуіп жүргендей. Спорт ғимараттары лық толы. Сенбі, жексенбі арасы үзілмей өтетін жарыстар. Қалған күндері сол жарыстарға дайындық. Екі жылдың көлемі болды, «жыл аралық» жарыс өтеді. Әр мектептің бітіруші түлектері өз жылының намысын қорғап, жасыл алаңға шығады. Алаңның әр бұрышында қиян кескі айқас, допқа талас. Әуелі, Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің 2002 жылғы түлектері, 1985 жылы туған жігіттері бастаған жарысты Ы. Алтынсарин, Ә. Молдағұлова, Т. Әлімқұлов, А. Байтұрсынов, бұрынғы Н. Төреқұлов қазіргі Шолаққорған жалпы орта мектебінің түлектері де іліп алып кетті. Ауыл округтерінде де бұл жарыс жалғасып жатқан көрінеді. Әр мектептің көшпелі Кубогы, медальдары мен мақтау қағаздары, жарысқа көрік беріп тұр. Тіпті, 1966 жылы туған сақа азаматтар да команда құрып, желкілдеген жастарды жеңіп чемпион атанды. Несін айтасыз, Созақта футбол жарысы қызып тұр. Елбасы Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытудың бірден бір жолы осы. Рас. Бүгінде Созақтың бесіктен белі шыққан баласынан бастап, еңкейген кәрісіне дейін спорт ғимаратынан табасыз. Бірі ала допты ұршықша иіреді, бірі жанкүйерлік етеді. Бір өтірігі жоқ, теріскейде теңбіл допқа деген  ықылас алабөтен. Сенбесеңіз кез-келген созақтықтардан сұрап көріңіз. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшылығы да бұл істі қолдап келеді. Алдағы жоспарларында әр мектептің жеңімпаздары арасында, «Чемпиондар лигасын» өткізуді жоспарлап отыр. Облыстағы өзге аудандар да осы үрдісті үлгі етсе болады, тіпті ел көлемінде өтіп жатса да артық емес. Түрлі жарыстар, турнирлер өтіп жатыр, бірақ, бір партада оқыған сыныптастар команда құрып, артынан еріген інілеріне үлгі болып жатса, тамаша емес пе?! Идея Созақтан, қолдау сізден.

 Ерлан Райымқұлов

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров