Жарнама
Жарнама

Футболдан Ресейде өтетін Әлем Чемпионатында қызмет ететін төрешілер жайлы

08.06.2018, 18:36
Жарнама
Жарнама
Кез-келген спорт түрін алсаңыз, ең алдымен спортшылар мен бапкерлер сөз болады. Десек те, біз сол спортың тағы бір қатысушыларын, яғни төрешілерді ұмытпауымыз керек. Бүгін тілге тиек болар тақырыбымыз осы төрешілер жайлы болмақ. Футбол маманы болған соң, футбол төрешілері жайлы айтуды жөн деп санадық. Санаулы күннен соң, бүкіл жер жаhанның назарын аударған Ресей елінде өтетін футболдан 23-ші Әлем Чемпионаты басталғалы тұр. Осы бір доп додасында қызмет ететін төрешілер жайлы бір сыпыра ақпарат берейін. Биылғы Әлем Чемпионатына төрелік етуге 46 елден жалпы саны 99 төреші шақырылыпты. Бұлардың 36-сы негізгі төрешілер, ал қалған 63-і- солардың көмекшілері. Осыған дейінгі әлем чемпионаттарынан бір ерекшелігі - Ресейдегі доп додасына қайталап көрсету (VAR) жүйесі енгізілетін болыпты-мыс. Сол қайталап көрсету (VAR) жүйесінде қызмет ететін арнайы төрешілер де тағайындалып қойған көрінеді. Бүкіл әлемдік футбол қауымдастығының (ФИФА) мәліметінше, 13 төреші бұл жүйеде қызмет етеді екен. Жалпы бұл төрешілердің дені Еуропа, Оңтүстік және Орталық Америка, Азиямен Африка құрлығы елдерінен құралған. Бір қызығы, бұл Әлем біріншілігіне қазылық етуге ұлы Британ елінің төрешілері шақырылмапты. Британдық төрешілердің бұл жолғы Әлем біріншілігінде төрелік етуге тәжірибиесі жетпеді ме, әлде біз білмейтін бір жайт бар ма, әйтеуір Ресейге бармайтын болды. Сәтті пайдаланып, қазіргі таңдағы Ұлыбританиялық футбол төрешілерінің бірі де бірегейі Марк Клаттенбургты естеріңізге сала кетейік. Бұған дейінгі барлық доп додасынан қалмаған Ұлыбритан ұлдары бұл жолы демалып қалатын сыңайлы. Керісінше, биылғы Әлем чемпионатында төрелік ету құқығы, араға 12 жыл салып Ресейлік төрешілерге де беріліпті. Шаңырақ иесі деді ме, мүмкін ұялғанынан болар, әйтеуір ФИФА төрешілер тізіміне ресейліктерді қосыпты. Басына бұндай бақыт қонған ресейлік төреші Сергей Карасев деген азамат, және оның екі көмекшілері. Айта кететін тағы бір жайт, Ресейдегі доп додасында қызмет ететін төрешілердің арасында көршілес өзбек ағайынымыздың өкілі Равшан Ирматов бастаған екі-үш жігіт те бар екен. Біз айтып отырған Равшан Ирматов 2010 жылы Оңтүстік Африка елінде өткен Әлем чемпионатында да қызмет еткен болатын. Осы тұста, ішкен суы мен жұтқан ауасы ортақ көршімізден осындай төрешілер шығып жатқанда "солардан мына сенің қай жерің кем, қазақ?" - дейміз-ау. Қасыңдағы құдай қосқан көршіңнің баласы Әлем чемпионатында төрелік етіп жатса, қызығады екенсің, сірә...! Қазақта "құр қолға бата жүрмейді" демекші, Ресейде өтетін Әлем чемпионатында қызмет ететін төрешілерге төленетін еңбек ақысын сараптап көрдік. Осы доп додасындағы қызмет үшін негізгі төрешілердің әрбіріне 57 мың еуродан, олардың көмекшілеріне 20 мың еуродан қызметақы төлейді екен. Бұған қоса төрелік еткен әр ойынына сәйкесінше 2500 және 1600 еуродан ақша төлейтін көрінеді. Осыншама қаражат алып жатқан соң әрбір ойынды асқан жауапкершілікпен, кіршіксіз адалдықпен төрелік етсе екен дейсің! Әйтпесе, бұған дейінгі Әлем чемпионаттарында нақ осы төрешілердің, осы күнге дейін жыр болып келе жатқан қателіктері болғанын білеміз. Осындай мәселелер мен наразылықтан шаршаған ФИФА, Ресейдегі дүбірлі додаға қайталап көрсету (VAR) жүйесін енгізіп отыр. Бұл жүйе төрешілердің ауырын жеңілдетеді деп үміттенеміз. Сөзіміздің соңында, бүкіл әлемнің назары ауған Ресейдегі үлкен футбол додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылса екен дейміз. Бүгінгі сөз етіп отырған төрешілер қателесіп, миллиондар ойынының сәнін кетірмесе деп тілейміз. Футбол десе, қолындағы асын жерге қоятын жанкүйерлердің айызын қандыратындай, қызықты әрі адал өтсе.

Бақытжан Бегалы

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров