"Челси" - "Арсенал" 4:1
Бакудегі "Олимпиадалық" стадион. 51 370 жанкүйер.
Бас төреші: Джанлука Рокки (Италия).
Гол авторлары: О. Жиру, 49 мин, Педро, 60 мин, Е. Азар, 65 (пенальтиден.), Е. Азар, 72 мин - А. Ивоби, 69 мин.
Төреші ысқырығы безілдегеннен бастап екі команда да ашық ойын мәнерін ұстанды. Алма кезек шабуылмен өткен ойынның бірінші жартысы голсыз аяқталды.
Алайда, екінші тайм қауіпті сәттерге де голдарға да толы болды. Мәселен, 48 минутта Эмерсон берген пасқа бірінші жеткен Оливье Жиру бұрынғы командасының қақпасына финалдағы бірінші голды салды. Осыдан соң "Арсеналдың" асығыстығын тиімді пайдалана білген Сарри шәкірттері 60 минутта сауатты ұйымдастырылған қарымта шабуылда Педро соққан екінші голдан соң мүлде күшейе түсті. "Челсидің" бұл басымдығы 65 минутта да өз жемісін берді. Айып алаңының ішінде Оливье Жируға қарсы Мейтленд-Найлз ойын ережесін бұзған соң Джанлука Рокки "Арсенал" қақпасына пенальти белгіледі. Он бір метрлік айып добын Азар сәтті орындап есепті ұлғайтып тастады. Дегенмен, салы суға кетпеген "Арсенал" 69 минутта осыдан екі минут бұрын ойынға тыңнан қосылған Алекс Ивобидің шірене тепкен добынан соң есепті 3:1-ге қысқартты. Алайда, араға 3 минут салып, Эден Азар қорытынды есеп 4:1-ді тіркеді.
Бұл Маурицио Сарридің "Челсимен" қол жеткізген алғашқы жүлдесі болып отыр.
Шамкен БАЙЫРБЕК.