2021 жылы Еуропаның 12 қаласында жалауын желбірететін ЕУРО-2020 додасына соңғы төрт жолдама қалды. Ұлттар лигасындағы көрсеткіштерінен кейін іріктелген 16 құраманың арасынан оза шапқан сегіз құрама ертең, яғни 12 қараша күні төрт жолдаманы сарапқа салады.
Төрт жылда бір өтетін Еуропа чемпионатының 16-шы турнирінде бақ сынайтын 24 құраманың 20-сы белгілі. Қалған төрт құрама өтпелі ойындар арқылы белгілі болатын болады. Өтпелі ойындардың жартылай финалынан сүрінбей өтіп, топтық кезеңге бір табан жақын тұрған құрамалар төмендегідей:
Грузия – Солтүстік Македония. Қос ұжым үшін де бұл тарихи ойын. Қайсыбірі жеңсе де топтық кезеңде алғашқы рет өнер көрсетеді. Осыған дейін командалар Ұлттар лигасы аясында екі мәрте кездесіп, екеуінде де тең есеп (1-1) тіркелген. Жартылай финалда Грузия Беларусьті қапы қалдырса, Солтүстік Македония Косовоның арманына балта шапты. Екі құраманың да жанкүйерлері осы ойынды асыға күтіп жүр. Өз футболшыларының Еуропадағы айтулы дода ел намысын қорғағанын қалайтыны сөзсіз. Сол үшін ойыншылар қасық қандары қалғанша шайқасып, ел үмітін ақтауға бар күштерін салары шүбәсіз. Англиялық Энтони Тейлор төрелігімен болатын жан алысып, жан берісетін кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-де Тблисидегі Борис Пайчадзе атындағы «Динамо Аренада» өтеді. Жеңген ұжым Нидерланды, Украина және Австрия күтіп тұрған С тобына түседі.
Венгрия – Исландия. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында сенсациядан сенсация жасаған қос құрама өзара бір жолдаманы сарапқа салады. 2016 жылғы 1/8 финалда Англияны айналып өтіп, ширек финалға дейін жеткен Исландия құрамасы сол бір ғажайып жетістіктерін қайталағысы келері анық. Сол жылы Португалияның екі аяғын бір етікке тыққан мажарлықтар да оңай шағылар жаңғақ емес. Осыған дейін құрамалар тоғыз кездесу өткізіп, бесеуінде венгрлер басым түссе, үш ойында исландиялықтар жеңіске жеткен. Ал бір ойын тең есеппен аяқталған. Жартылай финалда Венгрия Болгариядан басым түссе, Исландия Румынияны жарыс жолынан шығарды. Ференц Пушкаштай талантты тәрбиелеген Венгрия құрамасы Нұр-Сұлтан уақытымен 01:45-те Будапешттегі «Пушкаш Аренада» исландиялық викингтерді қабылдайтын болады. Матч тізгіні нидерландық маман Бьорн Кейперске табысталған. Жеңімпаз F тобына түсіп, Португалия, Германия һәм Франция сынды айдаһарлармен бақталасады.
Солтүстік Ирландия – Словакия. Екі команда да қарсыластарын қырып-жайпап жүргені шамалы. Ойындары сүреңсіз ала-құла. Өтпелі кезеңнің финалына да сүрініп-шалынып зорға жетті. Бірақ жартылай финалда Солтүстік Ирландия кішігірім сенсация жасап, Джеко, Пьянич секілді сақа ойыншылары бар Босния және Герцеговина құрамасын матч соңындағы пенальти арқылы жеңіп кетті. Ал Марек Гамшик бастаған Словакия құрамасы екінші бір Ирландияны ойын соңындағы он бір метрлік лотореяда қапы қалдырып, екі Ирландия арасындағы текетіресті көруімізге кедергі болды. Солтүстік Ирландия мен Словакия осыған дейін үш ойын өткізіп, екеуінде словактардың мерейі үстем болса, бір ойын тең есеппен аяқталған. Германиялық қазы Феликс Брых төрелік ететін кездесу Солтүстік Ирландия астанасы Белфасттағы «Виндзор Парк» стадионында Нұр-Сұлтан уақытымен 01:45-те басталады. Жеңген құрама Испания, Швеция және Польша жайғасқан В тобына түседі.
Сербия – Шотландия. Соңғы сегіз ойында жеңілістің не екенін білмей жүрген Шотландия құрамасы өз тарихындағы үшінші Еуропа чемпионатына жолдама алуы мүмкін. Бірақ көңіл-күйі жақсы болса, кез келген қарсыласты жеңетін Сербия құрамасы да жеңісті оңай беріп қоя салмасы даусыз. Жартылай финалда Александр Коларов бастаған жігіттер әр ойында гол салмаса басы ауыратын Эрлинг Холандтың Норвегиясын жеңсе, Эндрю Робертсон бастаған Шотландия құрамасы Израильді матч соңындағы пенальти сериясында жеңген болатын. Қос ұжым осыған дейін екі мәрте жолығып, бір ойында Сербия жеңіс тойын тойласа, бір ойын тең есеппен аяқталған. Ойын Белградтағы «Маракана» атанып кеткен «Райко Митич» стадионында испаниялық маман Антонио Матеу Лаостың пәрменімен Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 01:45-те басталады.
Іріктелген сегіз мықтының арасынан оза шауып, төрт жолдамаға ие болатын құрамаларды алдағы уақытта білетін боламыз. Не болса да, шын мықты жеңсін!
Біздің серіктес: FONBET