2021 жылы өтетін ЕУРО-2020 турнирінің барлық қатысушылары анықталғаны бәрімізге мәлім. Ал футбол додасынан қалыс қалған сәйгүліктер кімдер? Aladop.kz сайты Еуропа чемпионатынан шет қалған жұлдызды ойыншылар туралы айтатын болады.
Ян Облак
Словения құрамасы мен Мадридтік «Атлетиконың» негізгі қақпашысының ірі турнирлерде жолы болар емес. Ян Әлем һәм Еуропа чемпионаттарында мүлде ойнамаған. Словения құрамасы іріктеу турнирлерінен ары аса алмауда. Осылайша Облак чемпионатты теледидардан көруге мәжбүр. Словения G тобында өнер көрсетіп, төртінші орынды қанағат тұтқан еді.
Александр Коларов, Лука Йович, Сергей Милинкович-Савич
Сербия құрамасы мен «Интер» клубының қорғаушысы қатарынан үшінші Еуропа чемпионатының іріктеуінен аса алмады. 2010 жылы Әлем чемпионатына қатысқанымен, Еуропа чемпионатында атой салу бағы бұйырмай тұр. Жасы 35-ке келгенін ескерсек, бұл Коларовтың соңғы мүмкіндігі болған секілді. Ал небәрі 22 жастағы Мадридтік «Реал» ойыншысы Йовичтің мүмкіндігі орасан зор. 2019 жылы жастар арасындағы Еуропа чемпионатына да қатысып үлгерді. Ендігі мақсаты ересектер арасындағы Еуропа чемпионатында жасындай жарқырау екендігі айдан анық. «Лационың» белді ойыншысы Милинкович-Савич Еуропа чемпионатын жеңіп үлгерген, бірақ 19 жасқа дейінгі ойыншылар арасында. Ал ересектер арасындағы чемпионатта ойнау бақыты бұйырмай тұр. Сербия құрамасы B тобында ойнап, Украина мен Португалияны алға өткізіп, үштікті түйіндеген болатын. Бірақ Ұлттар лигасының көмегімен өтпелі ойындарға жолдама алған еді. Ол жақта Норвегияға есе жіберіп, қатарынан төртінші Еуропа чемпионатынан тыс қалды.
Эдин Джеко, Миралем Пьянич
Босния және Герцеговина құрамасы мен «Рома» және каталондық «Барселона» ойыншыларының да Еуропа чемпионаттарынан естеліктері жоқ. 2014 жылғы Әлем чемпионатына қатысып, топтан шыға алмағандары есімізде. Ал Еуропа чемпионатының топтық кезеңіне шығудың өзі мұң болып тұр. Босния J тобында төртінші орын алып, топтан шыға алмағанымен, Ұлттар лигасы өтпелі ойындарда бақ сынау мүмкіндігін сыйлады. Бірақ босниялықтар Солтүстік Ирландияға азуын батыра алмады. Сөйтіп ЕУРО-2020-дан қалыс қалды.
Эрлинг Холланд
Норвегия құрамасы мен «Боруссия Дортмунд» сапында әр ойын сайын гол салмаса, басы ауыратын Холландты көбісі Еуропа чемпионатында көргісі келгені сөзсіз. Небәрі 20 жасында Норвегия футболының ғана емес, әлемдік жұлдызға айналып үлгерген Эрлинг кәрі құрлықтың басты додасынан тыс қалды. Оған себеп: Норвегия құрамасының F тобында үшінші орын алып, Ұлттар лигасы сыйлаған өтпелі ойында Сербияға есе жіберуі. Норвегия Еуропа чемпионатына тек бір мәрте қатысқан (2000 жылы).
Генрих Мхитарян
Армения құрамасы мен италиялық «Романың» намысын қорғайтын Мхитарян да Еуропа чемпионатында өнер көрсетпеген. Армения құрамасы да өздері қатысқан жеті іріктеу кезеңінің жетеуінде де топтан шыға алмаған. Отыздың ордасын бұзғаннан ба екен Армения құрамасының үздік сұрмергенінің ойыны ала-құла. Бірде көл, бірде шөл болып жүрген жәйі бар. Армения J тобында ойнап, алты құраманың ішінде бесінші орын алып, Еуро додаға қатысу мәртебесінен айырылды.
Аталған ойыншылардан бөлек: Йосип Иличич (Словения), Душан Тадич (Сербия), Мунас Даббур (Израиль), Гилфи Сигурдссон (Исландия), Джонни Эванс (Солтүстік Ирландия) сынды белгілі ойыншылар да сан соғып қалды.
Біздің серіктес: FONBET