«Астана» футбол клубының және Қазақстан құрамасының қақпашысы Ненад Эричті жаттығу залынан кездестірдім. Қарапайым халық баратын жаттығу залынан Қазақстан Премьер-лигасының 4 дүркін чемпионын көремін деп кім ойлаған? Отандық командалардың ойынын көп көрмейтінмін, бірақ «Астана» командасының соңғы жетістіктерін тамашаламау мүмкін емес. Елордалық аяқдопшымен амандасып, жаттығу барысында әңгімелесе кеттік.
– Жылдан жылға сіздің шеберлігіңіз артып келе жатқандай, мұның сыры неде?
– Жылы лебізіңізге рахмет, барлық ойыншылар алаңда өздерін жақсы қырынан көрсетуге тырысады, бұл футболдың сөзсіз талабы. Әр ойыншы ұжымның жетістігі үшін әр жаттығу сайын бапкердің нұсқаулығын орындап, өзін-өзі жетілдіріп отырады.
– Осы маусымда Еуропа Лигасының топтық кезеңінде керемет ойындар өткізіп, плей-офф кезеңіне жолдама алдыңыздар. Топтың фавориті саналған «Вильяреалға» қарсы ойында асқан шебер екеніңізді тағы да дәлелдедіңіз. Сол ойынды стадионда тамашалағанмын, сіздің сейвтеріңіз болмағанда, біздін клуб 4-5 гол өткізер ме еді?..
– Футбол командалық ойын, бұл команданың еңбегі. Біз жанкүйерлер үшін барымызды саламыз.
– Елордалық командаға қолдау көрсетіп, сіздің ойыныңызды бақылап жанкүйер болғандаймын, командамызда сіздей ойыншылардың барын барша қазақ футболының жанкүйерлері мақтанышпен айтады! – деп едім ол мақтағаныма ыңғайсызданып, «мен бұны бағалаймын, мен үшін жанкүйерлердің ықыласы маңызды» деп өзінің өте қарапайым адам екенін көрсетті.
Кездейсоқ кездескендіктен Ненадпен ұзақ сөйлесе алмадым, қол алысып суретке түскеннен кейін маған сәттілік тілеп: «кездескенше» деді. Жанкүйер үшін бұдан асқан қуаныш бар ма?!
Ерасыл ӘУЕЗХАН,
№76 мектеп-лицейінің түлегі
АСТАНА