Қиялдап көрейік. Қиылдауға, армандауға ешкім тыйым салған жоқ қой. Дұрыс па? Мысалы, коронавирус біздің елге келмей, індеттің ауылы алыс болғанда. Әуежайларды жауып тастап, отандастарымызды шет елде жүре тұрыңдар деп, Белорус мемлекеті секілді жабық саясат ұстанғанымызда ше? Мақұл, вирус деген бір орында тұра ма? 30-40 адам жұқтырар еді. Бірақ, бәрібір де футбол чемпионатын өткізе беретін едік. Тіпті жанкүйерлердің қатысуымен де. Егер жағдай тура Белоруссиядағыдай болғанда онда:
Біріншіден, ҚПЛ матчтарының ютубтағы көрсетілімдері артар еді. Ресей, Армения, Грузия, Түркия, Литва, Латвия, Украина секілді жақын жатқан елдің баспасөз құралдары Қазақстан чемпионаты жайлы мақалалар жазып, жарнамасын келтіретін еді. Осы елдердің азаматтарының қаншасы Қазақстан футболында өнер көрсетіп жүргенін жақсы білесіздер. Ол ойындардың кейбірін кім біледі, шет елдік телеарналар тікелей эфирде көрсетіп те қалар ма еді? Онда көптеген агенттер мен скауттардың көзі қазақ футболшыларына түседі дей беріңіз.
Екіншіден, букмекерлік кеңселердің спорт индустриясында алпауыт күшке айналғаны әмбеге аян. Олардың да біршамасы Қазақстанға назар салып, ҚПЛ матчтарын басты спорттық оқиға қатарына қосар еді. Демек, ҚПЛ матчтарына бәс тігетін шет ел азаматтары пайда болады деген сөз. Олардың біршамасы карантин біткеннен кейін де қазақ футболына көз қырын сала жүретіні анық.
Үшіншіден, ютуб және инстаграмм әлеуметтік желілерінде қазақ футболы кең аудитория жинап үлгеретін еді. Әдемі соғылған голдар, керемет сейфтер, қызықты оқиғалар сырттағы фанаттардың көңілін жаулайды. Өткен жылы Тоқтар Жаңғылышбайдың соққан голы секілді. Бірақ, мұның барлығы қиял ғой, әлбетте. Дегенімен, осындай жағдай болып қалып, жарты әлем карантинге жабылып, жақын аймақтағы елдің біріншіліктері тоқтап тұрғанда Қазақстанда бейбіт заман орнап тұрса, оның да пайдасын жөнді көре алмайтын секілдіміз. Мысалы, 30-40 мыңдық стадиондарымыз болса, Ресей, Украина, Түркия біріншіліктері біздің елде өтуі де мүмкін еді ғой. Бірақ, сапалы жасыл алаңы бар стадиондарымыз да жоқ. Ол ойындарды тікелей эфирде түсіріп, көрсете алатын, өзі көрсетпесе де Түркияға немесе Ресейге түсіріп бере алатын телеарнамыз да жоқ қой. Футбол инфроқұрылымының түрі анау, телевидениеміз әлі ескі-құсқы техникамен жүр. Ой, қойшы деп жақсы басталған мақаламды қолымды бір сілтеп аяқтай салдым. Одан да "Герта" мен "Унион" Берлин матчын көрейін.
Біздің серіктес: FONBET