Жарнама
Жарнама

Дембелеге соңғы мүмкіндік сыйлаған жарақат

12.11.2020, 06:15
Бапкердің жоспарында болмаған шабуылшы негізгі құрамнан бір-ақ шыға ма?
Жарнама
Жарнама

Ансу Фатидің жарақат алуы «Барселонаның» қиын жағдайын одан әрі өршітті. Бұл жағдай осыдан бір жыл бұрын орын алса клубқа шығын болмас еді, алайда Рональд Куманның бас бапкерлікке келуі мен Луис Суарестің "Атлетикоға" кетуі салдарынан жағдай қиындады, сонымен қатар былтырғы маусымда Фати өзін жақсы көрсетуі арқылы негізгі құрамның тұрақты ойыншысына айналды. Сол себепті жас жеткіншектің жарақаты команда ойынына кері әсер етті. Бұл жағдай тек бір адамға пайдалы болды. Ол жігіт жанкүйерлер арасында «хрусталь ойыншы» аталып кеткен Усман Дембеле. Ойнағанынан лазаретте жатқаны көп француз ойыншысына командаласының жарақаты берілген тағы бір мүмкіндік десек болады. Оған қоса пандемия кезінде туындаған клубтағы қаржылық қиындықтарға байланысты қысқы трансферлік терезе кезінде бұл позицияға жаңа ойыншының алынбауы Дембеленің «Камп Ноудағы» жұлдызының жануына бар жағдайды жасап тұрғандай.

Куман бұл маусымда француз шабуылшысын алаңға шығаруды ойлай қоймаған, сондықтан оны жазғы ауысымның соңғы күндерінде «Манчестер Юнайтедке» жалға беріледі деген қауесеттер де таралды. Ал қазір ойыншының каталондық клуб сапында өзін дәлелдейтін соңғы мүмкіндігі өз қолында: ол не жақсы ойынымен өзінің бұл клубта жайдан жай жүрмегеніне бәрінің көзін жеткізеді немесе қаңтар айында сатылатын ойыншылардың тізіміне енеді.

Дортмундтық «Боруссияның» жұлдызы болған жас ойыншыны 105 миллион еуроға сатып алғанымен, каталондық клуб сапында тұрақты ойнай алған жоқ. Жалпы саны 60 матчты жарақаты салдарынан көрермен боп трибунадан тамашалады. Дембеле ешқашан командадағы өз орнын белгілей алмаған. Бұл сөзді Фатидің келе сала шабуылдың сол қапталын иеленіп алуы дәлелдейді. Эрнесто Вальверде де, Кике Сетьен де француз ойыншысын еш дамыта алмады. Рональд Куманның Усманды негізгі құрамда шығарғысы жоқ, алайда жазғы трансфер кезінде отандасы Мемфис Депайды ала алмауы мен Ансудың жарақаты оған басқа шешім жасауға мүмкіндік қалдырмай отыр. «Аякстың» бұрынғы бапкері Дембеленің жылдамдығына риза болатынын жасырмайды, бірақ оның қорғаныстағы кемшіл тұстарына алаңдаулы.

Фати алған жарақатынан наурыз айында ғана айығады деп күтілуде, осылайша ол командаласына өзін дәлелдеуге біраз уақыт беріп отыр деуге болады, мұны Дембеле бағалап, өз қажетіне жаратуы керек. Бұл жайлы оған клуб басшылығы да ескерткен. Оның қаңтар айына дейін болашаққа қадам жасауына уақыты бар, ал қолынан келмеген жағдайда клуб шабуылшымен қош айтысуға мәжбүр болады. Себебі «Барселона» Эрик Гарсия мен Мемфис Депай секілді ойыншыларды қатарына қосу жайын ойластыруда.

Дембеленің соңғы ойындардағы көрсеткіштері жаман емес. Мақсатына жету үшін шыныдан нәзік, желден жүйрік ойыншыға сәттілік пен берік бұлшықет, темірдей тәртіп қана керек болатын секілді, футболшыға қажет қалған қасиеттер оның бойында бар және әзірге барлық жағдай оның пайдасына шешіліп тұр.      

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров