УЕФА Еуропа Лигасының плей-офф кезеңі аясындағы АПОЭЛ – «Астана» арасындағы алғашқы кездесуге 34 жастағы Даниель Зиберт бастаған төрешілер құрамы төрелік етеді.
Даниель 2015 жылы ФИФА тізіміне еніп, халықаралық кездесулерде төрелік ететін ең жас неміс маманы атанды.
Зиберт 2017 жылы Еуропа Лигасының топтық кезеңі аясындағы «Аталанта» (Италия) – «Лион» (Франция) және «Витория» (Португалия)- «Коньяспор» (Турция) арасындағы екі кездесуде төрелік етті. Бір қызығы екі ойын да 1:1 есебімен тең аяқталды.
Ал 2018/2019 жылғы маусымда Еуропа Лигасының іріктеу кезеңі аясындағы «Абердин» (Шотландия) - «Бернли» (Англия) (1:1) және «Базель» (Швейцария) – «Витесс» (Голландия) (1:0) арасындағы кездесулерде қазылық етті.
Соңғы ойында Зиберт 26 минутта қонақтар сапынан қорғаушы Джейка Кларк-Солтерге қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.
Зибертке алдағы ойында жерлестері Ян Зайдель мен Лассе Козловски көмектеседі.
Ойынның қосалқы төрешісі: Франк Вилленборг.
Еске сала кетейік, Кипрдағы кездесу 23 тамыз күні өтсе, Астанадағы жауапты ойын 30 тамызға жоспарланған.