Биылғы әлем чемпионаты өте қызықты өтіп жатыр. Әзірге, алғашқы айналымнан кейін осылай деуге негіз бар.
Чемпионның жеңілуі, өзге фавориттердің ұпай жоғалтуы, аутсайдерлердің батылдығы – бәрі де қалың көрерменнің көңілінен шығуда. Әлемдік баспасөзде Ресейдің жарысты жақсы ұйымдастырып жатқаны сөз болды. Әсіресе ағылшын жанкүйерлері дән риза. Олар бұл мемлекетке қорқақтап келгені рас. 2016 жылы Франция жерінде өткен Еуропа чемпионатында Ресей мен Англия фанаттары қақтығысып, Ұлыбритания азаматы сол оқиғадан көз жұмды. Бірақ Тұманды Альбионнан келген 2500 жанкүйер ресейліктердің оларды жақсы қабылдап, қонақжайлық танытқанын айтып, таңғалуда.
Чемпионатта болған жағымсыз оқиға – Мәскеудегі такси жүргізушісінің жол жиегіне шығып, 7 адамды қағып кеткенінен басталды. Қырғызстан азаматы Шыңғыс Анарбек өз кінәсін мойнына алып, кешірім сұрады. Сот шешіммен ол 2 айға бас бостандығынан айырылды.
Ал «Ювентус» болса алғашқы ойында жарқ етіп көрінген ресейлік ойыншы Александр Головинмен келіссөздерді бастады. Орыс ойыншысы италиялық клубқа ауысуға қарсы емес. Тек мәскеулік ЦСКА жартылай қорғаушы үшін 25 миллион еуро сұрап, туриндік клуб беріп отырған 17 миллионды азсынды. Қаржылай дағдарысқа ұшырап жүрген әскери клуб сатып алушы 20 миллион ұсынса, футболшысын сатуға дайын.
Сауд Арабиясы құрамасы келеңсіз оқиғаға тап болды. Петербордан Ростовқа ұшу барысында олар отырған әуе кемесін өрт шалды. Тікұшақтың бір қозғалтқышы істен шығып, әуежайға әрең дегенде қонды. Кейіннен анықталғандай, тікұшақтың желдеткішіне құстар кіріп кетіпті. Сауд Арабиясы құрамасы бүгін 21:00-де Уругваймен кездеседі.
Ресейдегі әлем чемпионатында тағы бір рекорд жаңарды. Мексика құрамасының капитаны Германияға қарсы ойында алаңға кіріп, өзінің 5-біріншілігінде доп тепті. Мұндай рекорд осыған дейін тек 2 ғана футболшыда болған. Мексикалық ардагер енді Антонио Карбахал мен Лоттар Маттеустермен бір тізімде тұрады.
Аргентина – Исландия арасындағы ойынның телекөрсетілімі өте көп аудитория жинағаны анық. Жарық көрген бір статистикаға назар салсақ, мұз аралының халқы осы ойынды тегіс көріпті. 360 мың халқы бар аралдың телевизиясы бұл ойынды мемлекетте тұратын азаматтардың 99,6 пайызы көргенін растады. Кішкентай аралдың үлкен жетістігі жайлы күллі мемлекет көріп, біліп отыр деген сөз.
Сонымен 1-турда көзге түскендер қатарына Мексика, Ресей, Иран, Сербия және Хорватия құрамаларын айтамыз. Өз ойындарында жеңіске жетіп, топтарында бірінші орында тұр. Алғашқы турда жолы болмай, көптеген қауіпті сәтті голға айналдыра алмаған Луис Суарес Уругвай жанкүйерлерінің тарапынан сын садағына ілінді. Мессидің пенальти соқпауы кешірімді болғанымен, оған да артылып жатқан жауапкершілік мол. Ойын бойы жарақат алмауды ойлаған Неймар жанкүйерлердің екіұдай сезімін тудырды. Алайда Бразилия құрамасы әлі ештеңе жоғалтқан жоқ. Алдағы екі ойынды жеңсе, «селесао» фанаттары бәрін ұмытар еді. Кезінде атақты ойыншы болған Эрик Кантона Неймардың шаш үлгісін мазақ етіп, әлеуметтік желіде пародия жасады. Франциялық ардагердің бұл қылығы Неймардың жеке жанкүйерлерінің шамына тигені анық.
2-турда бізді Аргентина – Хорватия, Сербия – Швейцария, Польша – Колумбия арасында өтетін тартысты әрі маңызды матчтар күтіп тұр.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»