Жарнама
Жарнама

Бруно Бальтазар: «Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауға екі команда да лайықты»

23.08.2018, 09:42
Жарнама
Жарнама
Бруно Бальтазар: «Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауға екі команда да лайықты» «Астанаға» қарсы ойын алдында АПОЭЛ-дің бас бапкері Бруно Бальтазар журналистердің сұрақтарына жауап берді.

— Мен екі команданы салыстыра алмаймын, өйткені «Астананы» да, АПОЭЛ-ді де басқа бапкер жаттықтырып жатыр, басқа футболшылар, басқаша көзқарастар. Екі команда да өз елінің чемпионы, сондықтан оларды салыстырудың мәні жоқ деп ойлаймын. Екі команда да мықты әрі Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауға лайықты.

— Командалар Еуропа лигасында кездескен 2 жыл бұрынғы «Астананы» қазіргісімен салыстырғанда, қай бірі мықты деп ойлайсыз?

— Төрт жыл немесе екі жыл бұрынғы ойынды көргем жоқ, бірақ мен осы маусымдағы «Астананың» ойынын талдап шықтым. Команда өте мықты, ұйымшыл, сондықтан бізді өте ауыр ойын күтіп тұр. Дегенмен жақсы нәтижеге үміт артамыз.

— Командалар бұған дейін төрт рет кездескен, әзірше жеңіс «Астана» жағында көбірек. Бұл қазақстандықтарға басымдық бере ме?

— Статистика — бұл статистика, бірақ мен оған аса мән бермеймін. Қазір жаңа құрам, жаңа бапкерлердің жаңа ойыны болмақ. Сондықтан да өткендегіні қозғамақ емеспін. Біз «Астананы» құрметтейміз де, ертеңгі ойынды күтеміз.

— Егер Сіздің командаңыз «Астанадан» өте алмаса, АПОЭЛ фанаттарының талапшылдығын ескерсек, бұл жеңілісті қалай қабылдайсыз?

— Мықты ұжымдардың бапкерлеріне қашанда қысым көрсетіледі, бірақ мен өз жұмысыма, біз алға қойған мақсат үшін барымды саламын. «Астананың» «Динамо» және «Мидтьюлландқа» қарсы өткізген ойындарын қарадым. Сол ойындардың қиын болғанын, қарсыласымыздың мықтылығын ескерсек, бізді ауыр ойын күтіп тұр деп ойлаймын, сонда да біз жақсы нәтижеден дәмеліміз. Мен өз болашағыма алаңдамаймын, өйткені алғашқы күннен бастап АПОЭЛ-де жұмысқа барынша кірістім және де тек жақсы нәрселер туралы ойлаймын.

— «Астана» жыл басында «Спортингпен» күресті, сіз де португалиялықсыз. Қарсыласыңыздың мықты немесе осал тұстарын анықтау үшін отандастарыңыздың бірімен әңгімелестіңіз бе?

— Жоқ, мен Португалиядан ешкіммен сөйлескен жоқпын, бірақ мен «Астанаға» қарсы ойындарда «Спортинг» қаншалықты қиналғанын көрдім. Бұдан бөлек, Қазақстан командасының басқа ойындарын көру арқылы бізді қиын қарсылас, ауыр ойын күтіп тұрғанына тағы бір рет көз жеткіздім.

— «Астана» құрамында кімді ерекше атап өтер едіңіз?

— «Астана» сапында жекелей шеберліктері мықты ойыншылар баршылық, әсіресе команданың бразилиялық легионері бар. Дегенмен «Астана» ақылды футбол ойнайтын, допты жақсы бақылайтын мықты ұжым.

— Эфрем соңғы кездері жиі ойнап жүрген жоқ. Оның жарақаты бар ма, әлде құрамға сіңісе алмай жүр ме?

— Ол ауыр жыл өткізді, дегенмен ол алаңға шығуға әзір, ал бұл АПОЭЛ үшін тағы бір плюс, бірақ құрам туралы шешімді ертең қабылдаймыз.

— Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнау құқығына қол жеткізуде не нәрсе шешуші мәнге ие?

— Екі кездесуде де өте сақ болып, барынша аз қателік жіберу қажет. Кім аз қателессе, сол жеңіске жетпек. Қазіргі кезде екі команданың да мүмкіндігі тең.

 

fcastana.kz

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров