Биыл Арьен Роббен мен Франк Рибери "Бавариядан" кете ме?
14.05.2019, 16:59
Жарнама
Жарнама
Биыл «Бавария» бірнеше ардагерімен қош айтысады. Мюнхэн командасының жартылай қорғаушысы Франк Рибери жақында клуб ауыстыратынын айтқан-ды. Осылайша, француз футболшысы Германия клубындағы 12 жылдық мансабын аяқтамақ. Ал сәл ертеректе голландиялық тағы бір жартылай қорғаушы Арьен Роббен де маусым аяқталған соң клубтан кететінін хабарлаған еді.
Франк Рибери – «Бавария» ФК жартылай қорғаушысы:
"-Келесі маусымда не істейтінімді әлі шешкен жоқпын. Бірнеше ұсыныстар бар. Бірақ олар туралы айтуға әлі ерте. 1-2 жыл ойнасам деген жоспарым бар. Мұндай шешімге келу қиын. Алайда өмір болған соң, кететін уақыттың келгенін білесің. Осы 12 жылдың ішінде қуанышты сәттер көп болды. Мен «Бавариямен» көптеген атақтар ұтып алдым. Мұнда мен және менің отбасым үшін керемет жылдар өтті. «Бавариямен» жеткен жетістіктерімді ешқашан ұмытпаймын".
Егер «Бавария» биылғы маусымда Германия чемпионатында жеңіске жетсе, Рибери Бундеслигада тоғыз мәрте топ жарған жалғыз футболшы атанады. Француз жартылай қорғаушысы кәсіби мансабын аяқтаған соң клубқа қайта орала алады. «Бавария» басшылығы оған қызмет те ұсынған көрінеді.
Рибери Мюнхэн командасына 2007-ші жылы қосылып, «Бавариямен» 21 мәрте түрлі турнирлердің жеңімпазы атанған. Чемпиондар лигасы мен клубтар арасындағы әлем біріншілігінде топ жарды. Осы ретте Бавария жанкүйерлері де Франктың бұл шешіміне қолдау білдіріп, жылы лебіздерін аяр емес.
Вольфганг Вебер – «Бавария» ФК жанкүйері:
-"Ол біздің команда тарихының бір бөлшегіне айналды. Оған күмән жоқ. Ол көп тер төкті, енді үзіліс алуға лайық".
Инго Карш – «Бавария» ФК жанкүйері:
- "Оның клуб сапында 12 жыл ойнауы айтарлықтай жетістік. Командада мұншалықты көп жыл доп тебетін футболшыны ұлы деп айтуға болады. Мұндай адамдар жан-тәнімен клубқа берілген және командадағы әріптестеріне де адалдық танытады".
Карл РИНГЕР – «Бавария» ФК жанкүйері:
-"Ол біздің команданың өсуіне өз үлесін қосты деп ойлаймын. Керемет ойыншы болды. Жарақаттанып қалған кездері де көп еді, сол өкінішті. Бірақ алаңда өз шеберлігін паш етті. Арьен Роббен секілді ол да тамаша ойыншы. Енді оның орнын толтыратын футболшы табу қиын".
Бұған дейін «Баварияның» тағы бір ардагері Арьен Роббен де клубтан кететінін хабарлаған еді. Голландиялық футболшы Риберимен жылдар бойы керемет жұп құрап, Германия мен Еуропа алаңдарында атой салғанын жанкүйер қауым әлі ұмыта қойған жоқ.