Жарнама
Жарнама

«Бернабеуді» тік тұрғызған «сиқыршы»

04.11.2020, 02:17
“Бернабеуді” мойындатқан Роналдиньо жайлы.
Жарнама
Жарнама

Бүгін әлемді аяғына ғана емес күректей тістерімен жымиған аузына да қаратқан, талай жүгермектің футболды сүюіне себепкер болған Роналдо де Ассису Морейра, яғни Роналдиньо жайында тілге тиек етеміз.

1980 жылы дүние есігін ашқан Роналдиньо небәрі сегіз жасында әкесінен айырылса да, әкесі әкелген футбол әлемінің етегіне жармасып, бар «тәттісінің» дәмін татты. 

Жеті жасында Ланжендонк футбол мектебінде «кішкентай Роналдо» мағынасын беретін «Роналдиньо» лақапатын еншіледі. Осы кезден бастап Роналдиньо аянбай еңбек етті. Қатарлас достары футбол ойнауға әлдері келмей шаршағанда да, Роналдиньо әбден ысылған жарау аттай жаттығуын тоқтатпайтын. Онымен қоса жағажай һәм мини-футболмен де айналысып жүрді. Сол еңбектің алғашқы дәмін 1993 жылы 13 жасында «Белу-Оризонти» сапында жергілікті командаға бір ойында жауапсыз 23 гол соғып, тұңғыш рет газет беттеріне шығуымен сезінді. Ронни қанның дәмін сезген көкжалдай, адымына адым қосып, 2001 жылы қазіргі нарықта түкке тұрмайтын 5 миллион еуроға «Пари Сен-Жерменге» ауысты. «Сиқыршының» Еуропаға жорығы дәл осылай басталды.

Ұлттық құрама сапында да жасындай жарқырап, 2002 жылғы Әлем чемпионатында алтынмен апталды.

ПСЖ қатарында екі маусым өткізген Диньо Францияда бәсекелестікті сезінбей, 2003 жылы 32 миллион еуроға Франк Райкард баптайтын «Барселонаға» ауысты. Қиын кезеңді басынан өткеріп жатқан каталондықтарға Роналдиньо Сахарада жолаушының бір тамшы су іздегеніндей қажет еді. Роннидің «сиқыршы» атануы да осы «Барселонамен» тығыз байланысты. Беташар маусымында-ақ өзін бар қырынан көрсетіп, Ла лигадағы ең үздік шетелдік ойыншы атанды. Келесі маусымда алдына жан салмай, тіпті Лэмпард пен Джеррардты қапы қалдырып, «Алтын допты» қанжығасына байлады.

2005/2006 жылғы маусымда басқа-басқа каталондықтардың бітіспес қарсыласы мадридтік «Реалдың» жанкүйерлерін мойындатты. Сүйікті командаларына дубль жасаған ойыншы алаңдағы орнын әріптесіне босатып жатқанда балағат сөзбен балталамай, «Сантьяго Бернабеу» аяғынан тік тұрып, шапалағын аямай өнеріне тамсанып шығарып салды. Бұл Роннидің өзгелерден дара туған таланты мен еңбегінің көрінісі еді.

«Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей, халықтың өзіне деген осыншама назарын көтере алмады ма, әлде футболдан жалықты ма, әйтеуір жаттығуға ат үсті қарап, түнгі клубтарда жиі бой көрсетіп, Райкардтан сөгіс те алды. 2007/2008 жылғы маусымда кеше ғана «Реал» жанкүйерлері тамсанған «корольге» өз жанкүйерлері ысқырып, көңілдері толмайтынын білдірді. Жаттығуларға салғырт қарағаны үшін Райкард маусым ортасында «чупакабрасты» құрамнан шығарып тастады. Өз қолынан жасаған сәтсіздіктерден кейін Ронни «Барселонадан» кетіп тынды. Оны 25 миллион еуроға «Милан» сатып алды. Клуб бас бапкері Анчелотти мен басшысы Берлусконидің аттай қалап алдыртқан «сиқыршылары» клуб сапында өткізген екі жарым маусымда өзінің толықмүмкіндігін көрсете алмады. Бірде көл, бірде шөл болып бойындағы бар өнерін паш ете қоймады. Анау-мынау емес миландық дерби алдында таңға дейін түнгі ойын-сауық ордасында қыдырып, матч барысында аяғын зорға алып жүрген кездері де болды. Ащы суды сіміріп, таңға дейін көңіл көтерген қылықтары карьерасына балта шапты. Футболға деген қызығушылығы жоғалып, аладоптың артынан бұрынғыдай құмарлана жүгірмейтін болды. Ұлттық құрамадағы ала-құла ойындарынан кейін құрамаға шақыртылудан да қалды. Осының бәрі «корольдің» Еуро жорығының аяқталуына әкеліп соқты. 

2011 жылы отанына оралып, «Фламенго» сапына қосылды. Мұнда да ұзақ аялдамай, келесі жылы-ақ «Атлетико Минейро» қатарын толықтырды. «Атлетикода» екі жыл тер төгіп, 2014 жылы Мексиканың «Керетаросынан» бірақ шықты. Мексикада да жарытып ештеңе тындырмай, туған жеріне қайта келіп, «Флуминенсе» ойыншысы атанды. Бірақ 2016 жылдың соңына дейін жазылған келісімшарт нәтижесіз өткен жеті ойыннан кейін-ақ екі жақты келісіммен бұзылды. Осыдан кейін үш жылдан аса уақыт бойы клубсыз жүріп, мини-футболды жанына серік еткен Ронни 2018 жылдың 16 қаңтарында ресми түрде футболшы карьерасына нүкте қойды. 

Сиқыр әлеміндегі профессор Дамблдордай жасыл алаңда сиқыр жасайтын Роналдиньо толық мүмкіншілігін аша алмады. Екі-үш маусым жоғары деңгейде өнер көрсеткенімен, қалған уақытта бар мүмкіндігін көрсете алмады. Отыздың ордасынбұзбай жатып-ақ Буффонның қырықтағы тірлігін істей алмай қалды. 40 жасында жасыл алаңда доп теппек түгілі, шекарадан жалған құжатпен өткені үшін түрмеге қамалып, 40 жасын темір тордың ар жағында қарсы алды.

Ойыншы ретінде ерте қартайып кетті. Анда да, мында да чемпион болдым деп босаңсыды ма екен, әлде түнгі қыдырыстар әсер етті ма, әйтеуір ойынын жоғалтып алды. Футбол сүйер қауым оны сонда да жақсы көреді, «сиқыршы» деп тамсанады. Аладопқа ойына келгенін істеп, қарсыласты ары-бері сүйреп титықтататын жоғары деңгейін Месси мен Роналду секілді ұзақ жылдар көрсетсе, «Алтын доптың» бір емес бірнешеуін алары даусыз еді. Диньоның жасыл алаңда допты суда жүзген балықтай емін-еркін алып жүруі, көз ілеспес дриблингі, жоқ жерден пас беріп, гол жасауы бәрі-бәрі еріксіз ойынына ғашық етеді. Ютуб тарихындағы алғашқы миллион қаралымды да осы «чупакабрастың» NIKE-ке жасаған жарнама ролигі жинаған еді. Тек қана миллион қаралым жинап қоймай, миллиондардың жүрегін жаулаған «сиқыршының» адам сенгісіз дриблингі, көздің жауын алатын голдары және ғажайып күлкісі ғасырлар бойы ел жадында болары шүбәсіз.

Марғұлан ЖАҚЫП


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров