Жарнама
Жарнама

Барлық клубқа тегін ауысқан футболшы туралы не білеміз?

02.12.2020, 22:00
Тарихта трансферлерінің барлығы тегін болған футболшы бар ма? Шупо-Мотингтің қызықты мансабынан сыр шертетін боламыз.
Жарнама
Жарнама

Жазғы маусымаралық үзіліс кезінде орын алған ең қызық трансфер - Эрик-Максим Шупо-Мотингтің ПСЖ-дан "Баварияға" ауысуы болды. Франциялық клуб сапында ол бос қақпаға бір метр жерден допты бағыттай алмауымен және Чемпиондар Лигасының ширек финалында жеңіс голын соғуымен есте қалды. Содан кейін күтпеген жерден клуб ұсынған тиімді келісімшарттан бас тартып, Мюнхенге аттанып кетті.

Бір маусымда 11 голдан артық салып көрмеген, 29 жасқа дейін топ-клубтарда ойнамаған, ешқашан Африкада тұрмаған, Тухельдің сүйікті ойыншысына, Неймар мен Тиаго Сильваның досына және Камерунның халық қаһарманына айналған ойыншының неліктен бір мықты командадан екіншісіне ауысқандығын анықтап көрейік.

Шупо-Мотингті ПСЖ мен "Баварияда" ойнайды деп ешкім ойлаған жоқ. Ол өмір бойы ортаңқол неміс клубтарында ойнады. Сонан кейін АПЛ-де "Сток Ситимен" бірге құрдымға кетті

Шупо-Мотинг мансабын жап-жақсы бастаған. 21 жасында Әлем чемпионатында ойнады, "Майнцта" жүргенде Бундеслигада 22 ойында 10 гол салған. Бірақ бұл көрсеткіш оның спорттық ғұмырындағы үздік нәтижесі болып қалады деп ол кезде жас жігіт ойламаған болар.

BtN8QRC0MHJFQAAAABJRU5ErkJggg==


Эрик-Максим Еуропа Лигасының орташа деңгейдегі шабуылшылардың бірі болды. "Шальке" футбол клубында ойын көрсеткіші және алаңдағы рөлі жөнінен көбіне Хунтеларға жол берді. Ішкі чемпионаттағы қарқыны "Аугсбургта" ойнаған Рауль Бобадельмен шамалас, Макс Крузе мен Сандро Вагнерден төмен болатын.

Сондықтан, Англия Премьер-лигасына ауысқанда одан ешкім үлкен нәтижелер күткен жоқ. Тұманды альбиондағы алғашқы маусымы керемет басталған. "Манчестер Юнайтед" қақпасына екі бірдей доп дарытты. Алайда, көп ұзамай ол "Сток Ситимен" бірге қауіпті аймақтан бір-ақ шықты. Шабуылшы 11 ойын бойы гол сала алмады, артынша жарақат алып, маусым соңына дейін матчтарға қатыса алмады. 30 ойында небәрі 5 голдың авторы атанды.

"Сток Сити" бұл ойыншыдан құтылуды ойластырды. Жарақатынан айықса да, Чемпионшиптің жазғы матчтарының біріне де оны қатыстырмады. Осылайша Эрик-Максим ПСЖ-ға ауысты.

Осы жағдайға байланысты командаласы Питер Краучтың: "2017-18 жылғы маусымда екеуіміз де 5 голдан салдық, шамасы, мен өзімді нашар бағалап, мансабымды ерте аяқтап қойдым ба деп ойлап қалдым", - деп әзілдегені бар.

Шупо-Мотинг Тухельдің сүйікті ойыншыларының бірі. Томас футболшыны "Майнцтан" өнер көрсеткен сәтінен бастап таниды және оның Парижден кетуіне қарсы болды

Бүкіл маусым бойына 5 гол соққан "Сток Сити" ойыншысының ПСЖ-ға ауысып келуінің өзі ақылға сыймайтын құбылыс болып көрінген. Бірақ бәрі біз ойлағандай жай нәрсе емес. Эрик-Максим кезінде Томас Тухель баптаған "Майнцта" футбол ойнауды үйренген футболшы. Ол сол команданың маңызды ойыншыларының қатарында еді.

Z


Шынына келсек, Шупо-Мотинг кез келген топ-клубқа керек тамаша ойыншы. Ол әмбебап: шабуылдың қос қапталында да, орта шебінде де ойнай алады. Тәртібі мықты: бапкердің өзіне жүктеген міндеттерін тыңғылықты атқарады. Ойыншының осы қасиеттеріне қанық болған Тухель оны ПСЖ сапына қуана қабылдады. Эрик-Максим париждік команданың алаңдағы ғана емес, оның сыртындағы ортасына да сай келе алды. Мінезі жағымды, үнемі айналадағыларға позитивті энергия сыйлап жүретін, жаттығуға өзін толық арнайтын ойыншы ретінде саналады. Бір сөзбен айтқанда, теңдесі жоқ қосалқы құрам ойыншысы.

Командаласы Юлиан Дракслер камерундық әріптесі жайында: "Шупо - зор сенім артуға әбден лайық адам. Ол командаға толықтай берілген, солай бола тұра өзгелердің көзіне түсуді мақсат етпейді. Оның бойында артық өзімшілдік жоқ. Ол жай ғана футболды жақсы көреді және жаттығу барысында өзін көңілді ұстайды", - деген лебіздерін айтқан.

"Шупо алаңға қосалқы құрамда шықса да үнемі позитивті көңіл-күйде жүреді. Оның матч соңында 10 минут ойнағаны командаға өте үлкен пайда тигізеді", - дейді Томас Тухель таңданысын жасырмастан.

9k=


ПСЖ сапына келген күннен бастап екі апта ішінде ол Тиаго Сильва мен Неймардай жаңа достар тапты.

"Ол менің өмірлік досым. Жеңімпаздың рухы сезілетін, еңбекқор және әркез күлімдеп жүретін адам. Сондықтан оған үнемі көмектескің кеп тұрады", - дейді қазіргі "Челсидің" қорғаушысы Тиаго Сильва.

Камерундық шабуылшының ойыны әр кезде әрқалай. Екі маусым бұрын адым жерден ашық қақпаға гол сала алмады. Сол сәтті тарихтағы ең нашар мүлт кету деп санағандар да аз болмады. Ал өткен маусымда "Аталантаға" қарсы Чемпиондар Лигасының ширек финалында ойынға тыңнан қосылып, жеңіс голының авторы және ойынның қаһарманы атанды.

"Біз бұл ойында қайсар мінез көрсеттік, ал Неймар болса ол - патша! Мен жігіттерге бүгінгі ойында жеңілуге жол жоқ екенін айттым және тарихта қалатын нәтижеге өз үлесімді қостым", - деп матч соңында берген сұхбатында кейіпкеріміз ағынан жарылған болатын.

Осындай жағдайлардан кейін ПСЖ футболшыға келісімшарт ұсынды, ал Тухель оның клуб сапында тағы бір маусым ойнауын өтінген.

"Шупо командадағы рөлін мен ойлағандай жақсы атқарып жатыр. Ол біз үшін маңызды ойыншы. Оның бізбен бірге қалғаны жақсы еді, дегенмен оның басқа да клубтардан келген ұсыныстары бар. Өзі таңдау жасайды. Оның агенті керемет жұмыс істейді. Оларға сәттілік тілеймін", - деп Тухель ойын түйіндеді.

ПСЖ ұсынған 3,5 миллион еуродан "Бавария" үшін бас тартты

Шупо-Мотиниг өзі ойнаған барлық клубтан келісімшарт мерзімі аяқталғанда еркін агент ретінде кетіп отырған. Әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің ол жайында "клубтар оны қанша алғысы келсе де, Шупо ешқашан өзін сатпайды" деген әзіл әңгімелері таралған.

Футболшының келіссөздерін оның әкесі Жюст жүргізеді. Әкесі оған өзінің кәсіби деңгейдегі маман екенін айтып сендіреді. Жалақысын ұлының қалтасынан емес, клубтың агенттік қызметіне төлейтін қаржысынан алатынын жеткізеді.

2Q==


"Біздің ұстанатын саясатымыз - келіссөздерді у-шусыз жүргізіп отыру. Барлық жағдайларды үй іші ғана біледі. Мысалы, ПСЖ-дан келген ұсыныс трансферлік терезе жабылуға бірнеше сағат қалған кезде орын алды. Шупо ол клубтың негізгі құрамында ойнамайтыны түсінікті еді, бірақ мүмкіндікті мүлт жібермеді, себебі ол жоғарғы деңгейдегі командада ойнауды қалады", - деп футболшының әкесі аздаған құпиясымен бөліскен.

Франциялық клуб басшылығы шабуылшыға 3,6 млн еуро жалақысымен 1 жылдық келісімшарт ұсынған. Бірақ Эрик-Максим оны өздеріне кері қайтарды.

L'Equipe порталының ақпаратына сүйенсек, футболшы екі жылдық келісімшартты қалаған, алайда клубтың спорттық директоры оған келіспеген. Оның ары қарайғы болашағы "Специя", "Беневенто" немесе "Унион Берлин" сияқты клубтар болуы ықтимал еді. Алайда, Шупо "Бавариядан" бір-ақ шықты. Ол жерде де екі жылдық келісімшартқа отыра алмады.

"Баварияның" спорттық директоры Хасан Салихамиджич: "Эриктің қатарымызға қосылғанына қуаныштымыз. Ол біздің шабуылшылар құрамын одан әрі толықтыра түсті. Еурокубоктерде ПСЖ сапында жинаған тәжірибесі бар, неміс чемпионатымен етене таныс және командаға тегін келіп қосылды", - деді ойыншыны қуана қарсы алған кейіпте.

"Маған көптеген жақсы ұсыныстар келіп түсті, бірақ Мюнхеннен шақырту келгенде көп ойланбастан шешім қабылдадым. "Баварияның" мені шақырғанына қатты таң қала қоймадым, дегенмен бұл мен үшін үлкен мәртебе. Көбіне қосалқы құрамда отыратынымды түсінемін, бірақ мен командама міндетті түрде көмектесемін", - деді Шупо-Мотинг өзінің таныстырылу рәсімінде.

Бұл трансферді де көпшілік таңданыспен қабылдады. Дегенмен, соңғы ойындар нәтижелеріне қарасақ, ол шынымен де неміс клубына пайдалы ойыншы сияқты. Левандовскийдің демалуы үшін бірқатар матчтарда негізгі құраммен алаңға шықты. Германия кубогында екі гол салып үлгерді.

Шупо-Мотинг ешқашан Африкада тұрып көрмесе де, Камерунның жұлдызына айналған

2010 жыл. Германияда туылып, 18 жасында Бундеслигада алғашқы ойынына шыққан, Мюллер, Кросс, Хуммельс сияқты ойыншылармен бірге Германия жасөспірімдер құрамасының барлық сатысынан өткен Эрик-Максим Шупо-Мотинг жастар арасындағы Еуро-2011 турниріне шақырту алды. Болашағы зор қатардағы неміс жеткіншегінің есіне осы сәтте әкесінің отаны түседі. Осылайша, мансабындағы тағы бір маңызды шешімді қабылдап, тура Оңтүстік Африка Республикасында болатын Әлем чемпионатының алдында Камерун азаматтығын алады.

Эрик-Максимның әкесі Яунде қаласынан жақсы өмір сүру жолында 1981 жылы Германияға қоныс аударады. Осы жерде ол Эриктің анасын жолықтырады.

"Эрик-Максим допты алғаш рет 4 жасында тепкен. Ол допты аспанға лақтырды да, тура кәсіпқой футболшылар секілді аяғымен жұмсақ қабылдады. Сенесіз бе, небәрі 4 жасар бала?! Мен сол кезде ұлымның талантты екенін аңғардым", - деп әкесі Шупоның бала күнін еске алады.

Оны әкесі әр жазғы демалыста Камерунға апаратын. оның құрметіне бала шағында өзі доп тепкен алаңға Шупо-Мотингтің есімі берілген. Ол доп тебуді Еуропада үйренгенімен, сайыстардағы ойын тәжірибесін осы Африка жерінде қалыптастырған. Ол өзінен жасы едәуір үлкен жігіттермен турнирде допқа таласатын. Сондай жарыстар арқылы французша үйренген, алайда Германияда тұрғандықтан неміс тілін де жақсы біледі.

"Мен Камерун құрамасында ойнаймын деп шештім. Себебі, өзімді көрсетіп, жанкүйерлердің есінде қалып, өз деңгейім мен мінезімді паш етсем деймін. Мен Еуропада, әсіресе, Германияда көп нәрсені көрдім, үйрендім. Енді сол жақсылықтар мен жаңалықтарды кезіндегі Самуэль Это'о, Карлос Камени сияқты Африкаға әкелгім келеді. Олар менің бала күннен бергі үлгі тұтар тұлғаларым", - деп таңдауына талдау жасады.

Камерун ұлттық құрамасының капитаны болғалы бері оны отандастары ерекше құрметтейді. Алда-жалда матчтарға келе қалса, кезек күтпестен суретке түспекке ұмтылады. Шупо-Мотингтың айтуынша оған балалармен суретке түскен ұнайды. Себебі, сол сәтте олардың қуаныштарын көріп, камерундық футболшы өзін бақытты сезінеді екен.

Эрик-Максимнің ойынша, қажетсіз матчтарды қарағаннан сәнді киімдердің коллекциясын тамашалаған қызығырақ

"Көптеген футболшылар әртүрлі чемпионаттар мен дивизиондардың матчтарын қарап отырады, мен бұлай жасай алмаймын. Миымды сергіту үшін футболдан басқа нәрселермен айналысамын", - дейді футболшы.

Ол сәнді киімдер мен граффити десе ішкен асын жерге қояды. Осы сала шеберлерінің шығармашылық еңбектерін ерінбестен бақылап жүреді. Өзі де жаттығуға ''Zara'', "H&M" брендтері ұсынған қымбат сәнді киімдерді киіп келуден қысылмайды. Оның айтуынша, кейбіреулер ұнатқан киімдерін киіп келсе мазақтап, келеке қыла ма деп қорқады. Бірақ оған бәрібір екен. Бастысы өзіне ұнайды және өз ақшасына алған дүниелер.

Енді бұл жігітке Бундеслиганың чемпиондығы мен Чемпиондар Лигасының кубогы болса, спорттық мансабы керемет аяқталайын деп тұр. Бірақ кім біледі, келесі маусымда испаниялық грандтардың сапынан шыға келуі де ғажап емес, әкесі тірі тұрса.

Қазіргі заманда "жұрт не дейді?" деп іштегі кей жақсы дүниелер тұншығып жатады. "Былай қылсам қалай болар екен?" деп бұрыс шешім қабылдап немесе "оның кейін сәті келер" деп тым ұзақ ойланып мүмкіндікті жіберіп алатын кездер де болып жатады. Керемет талантты болмаса да адамгершілік қасиеттер, еңбекқорлық, көпшілікпен тіл табыса білу және ата-ана ақылымен біраз жерге дейін баруға болатындығын қарапайым камерундық жігіттің өмірінен ұғынуға болатын секілді.


2Q==


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров