Бүгін түнде УЕФА чемпиондар лигасының алғашқы финалисті анықталды. "Энфилдте" өткен қарымта ойында "Ливерпуль" Испаниядан келген қонақтарды 4:0 есебімен тас-талқан етіп, екінші маусым қатарынан финалға шықты. Барселонада өткен бірінші ойынның нәтижесі мен "мерсисайдтықтардың" лидерлері Салах пен Фирминоның жауапты ойынға қатыспайтынын ескерген көпшілік футбол сүйер қауым Клоптың шәкірттерінің финалға шығу мүмкіндігін нөлге теңеген еді. Алайда қанында "камбэктілік" бар "Ливерпуль" мінез көрсетіп, ақтық мәреге жолдама алды. Джюнейт Чакырдың ысқырығы шалынысымен бұл кездесуді бастаған алаң иелерінің үздіксіз шабуылдары көп күттірмей нәтижесін берді. Қосалқы құрамда қалып, Клопқа өзін көрсете алмай жүрген Ориги бірінші болып есеп ашып, бапкерінің алдында абыройын көтерді. Артынша Оригидің күйін кешіп жүрген Вейналдум да екі гол соғып, бар ашу-ызасын шарасыз қалған қақпашы Тер Штегенге көрсетті. Қос кездесудің қорытындысы бойынша есеп теңесті. 3:3. Әріптестерінің жеңіске деген үміт отын жаққан Ориги өзінің бұл кездесудегі екінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. "Ливерпульдің" финалда "Аякс" пен "Тоттенхэм" жұбының жеңімпазымен күш сынасады.
Руслан Мералиев