Армения жайлы не айтуға болады? Еуропаның салыстырмалы түрде ортаңқол деңгейдегі құрамасы дейміз бе? Енді, қалай дегенде де қағаз жүзінде бізден басым тұр екен. Рейтинг пен футболшылардың құнын салыстыратындарға бәрі түсінікті, бұл матчтың фавориті - Армения. Қарсыласымыздың ФИФА-дағы орны бізден біраз жоғары. Қазақстан 103-сатыға жайғасса, армениялықтар сегіз пунктке жоғары орналасқан. Александр Петраковтың ұжымындағы футболшылардың бағасы да әлдеқайда қымбат. Мысал үшін, Руслан Балтиев жұмада сенім артатын құраманың нарықтағы бағасы 16,47 млн еуроны құрайды. Бұл Армениядан екі есе арзан - 34,45 млн еуро.
Қазақстан жеті кездесудің біреуінде ғана ұтқан
Енді екі ел командаларының осыған дейінгі өзара кездесулеріне зер салып көрелік. Армения мен Қазақстан бұған дейін 3 рет жолдастық кездесу өткізіпті. Сол ойындардың екеуінде басымдық біздің қарсыластың жағында болса, Қазақстан тек бір тең нәтижені қанағат тұтқан. Ал жалпы қос құрама бұған дейін жеті рет кездесті. Мұнда да кәдімгідей басымдық Арменияның жағында екен: 4 бәсеке қарсыласымыздың жеңісімен аяқталса, Қазақстан Ұлттық құрамасы тек бір-ақ ойында жеңіске жетті. Тағы 2 ойында тең нәтиже тіркелді. Армения мен Қазақстанның соңғы дуэлі осыдан алты жыл бұрын болған: 2018-жылы Ресейдегі ӘЧ іріктеуінің аясындағы турнир. Ол кезде қарсыластар Е тобында екі матч өткізді. Артур Петросян жаттықтырған армениялық футболшылар сол екі ойында 4 ұпайды еншілеп кетті. Командалар алдымен Ереванда жолықты. Армения астанасындағы ойын қонақтардың фиаскосымен аяқталды: Генрих Мхитарян мен Араз Озбилиздің дәл соққыларына біздікілер ешқандай жауап қата алған жоқ. Сәтсіз компанияның соңғы ойынын біздің құрама дәл осы қарсыласпен өткізді. Алайда, Арменияға «Астана Аренада» да тіс батпады – 1:1.
Ислам Чесноковтың болмайтыны үлкен минус
Хроника осылай дейді. Енді ертеңгі ойыннан не күтеміз? Бахтиер Зайнутдиновтың болмайтыны қиын-ақ. Кездесу тақалғанда Ислам Чесноковқа да сенім арта алмайтынымыз белгілі болды. Кімге қалай, бірақ Грекиямен болған бәсекедегі үздік кім десе, ойланбастан «Тобылдың» өкілін ұсынар ек. Ойланатын несі бар, өзгелер абдырағанда допты ырқына көндіре алған жалғыз осы футболшы еді. Ал Арменияға қарсы кездесуде ойынның дәл осы компоненті қажет болады-ау деп топшылаймыз. Еревандағы матчта бой көрсетуі ықтимал Эдуард Сперцян («Краснодар»), Эдгар Севикян («Ференцварош») мен Наир Тикнизян («Локомотив») секілді ойыншылар техникалық тұрғыда мықты ойыншылар. Мәселе, Александр Петраков бізге қарсы матчта кімдерді шығарады? Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс Словениямен сейсенбіде өткен ойынды Арменияның барлық көшбасшылары бірінші минуттан бастаған. Енді украиналық маман Қазақстанға қарсы матчта басымдықты тың футболшыларға беруі бек мүмкін. Біріншіден - Қазақстан Словения емес: оппозиция деңгейі әлдеқайда төмен болмақ. Екіншіден - біз жоғарыда есімдерін келтірген Сперцян, Тикнизяндар өздері өнер көрсететін клубтардың көшбасшылары: ауыр маусымнан кейін жігіттердің демалғысы келетіні түсінікті. Оның үстіне бас бапкері де негізінен жастарға мүмкіндік берілетінін айтып қалған еді.
Александр Петраков, Армения құрамасының бас бапкері;
-Алда болатын жолдастық кездесулер – жас футболшыларды өте жақсы командаларға қарсы ойындарда тексеріп алудың жақсы мүмкіндігі. Осындай мақсатта құрамаға тағы да Геворг Тарахчян, Эрик Симонян, Андраник Акопян мен Гор Манвелянды шақырдық. Жарақаттарына байланысты құрама командаға Грант-Леон Ранос, Андре Кализир, Нарек Григорян және Угочукву Иву келе алмайды. Лукас Селараян осы жолы да көмектесе алмайын деп тұр. Мен сондай-ақ, Саргис Адамянды шақырғам, алайда ол екінші Бундеслиганың дайындық кезеңі ерте басталатынын және демалғысы келетінін айтып, құрама қатарындағы ойындарға қатыса алмайтынын жеткізді».
Руслан Балтиевтің де негізгі құраммен тәжірибе жасауға жақсы мүмкіндігі бар. Қысқасы, алдағы екі ойын біраз жігіттер үшін жақсы мүмкіндік болғалы тұр. «Жетісудың» жейдесінде жақсы маусым өткізіп жатқан Әділхан Добайдың қатардан шығып қалғаны көңілге қаяу түсіргені рас. Шабуыл өтінде «Елімайда» жақсы қырынан танылған Иван Свиридовтің уақыты еді. Алайда бапкерлік құрамның шешімімен жастар құрамасын күшейтуге жіберілді. Алдағы екі кездесудің бірінде «Ақтөбеде» біраз ысылған Әлібек Қасымды алаңнан көріп қалуымыз ықтимал. «Қайраттың» түлегі бір ойынға толық қатысып, өзін жақсы қырынан танытуы тиіс.