Жарнама
Жарнама

«Ақтөбе» – «Сепси» матчына превью

10.08.2023, 20:55
Матч, бүгін 23:0-де басталады. Тікелей эфирді Qazsport арнасынан көре аласыздар.
Жарнама
Жарнама

«Сепси» 2011 жылы құрылған жас клуб. Клуб өз жорығын Румынияның 4-ші лигасынан бастап, құрылғанына 6 жыл толғаннан кейін – 2017 жылы Румынияның жоғарғы лигасына көтеріледі. Қазір «Лига I» деп аталатын лиганың тұрақты қатысушысы. 

«Сепси Арена» деп аталатын 8400 жанкүйер сиятын шағын ғана стадион салып алған. Құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылы пайдалануға берілген стадионның құны 25 млн. доллар, теңгеге шақсақ 11 млрд. жобасында. Міне, осы жерден клубтың жетістіктері де басталады. 

Төменгі лигаларды есептемегенде, Румынияның чемпионы болмағаны былай тұрсын, үздік үштікке де кіре алмаған. Лигадағы ең жоғарғы орны – төртінші. Бірақ «Сепси» 2020 жылы Румыния Кубогының финалына шығып, жергілікті гранд – «Стяуа» клубына есе жіберген, дегенмен «Стяуа» чемпионатта екінші орын алғандықтан, «Сепсиге» тарихында алғаш рет Еурокубокке қатысу бақыты бұйырады. Содан кейін Румыния Кубогын «Сепси» 2 маусым қатарынан жеңіп алып, Конференциялар Лигасына міне, осымен үшінші маусым қатарынан тікелей жолдама алып жүр.  

Конференциялар Лигасында «Сепси» әлі үшінші кезеңнен әрі аса алмай жүр. 2021 жылы словакиялық «Спартак Трнава» клубына есе жіберсе, былтырғы маусымда екінші кезеңде словениялық «Олимпия Люблянаны» өткенімен, үшінші кезеңде швециялық «Юргорден» клубына екі кездесуде де жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Биылғы маусымда болгариялық «ЦСКА София» клубымен кездесуде екі матчта да жеңіске жетті. Жалпы «Сепсидің» – «ЦСКА София» арасындағы екі матчта да болгариялық клубтың қақпашысы 3 рет өрескел қате жасап, «Сепси» оңай голдар салып отырды. Әйтпесе ойындар тең дәрежеде өткен болатын.

Айтпақшы, «Сепси» «Ақтөбемен» 2019 жылы жолдастық кездесу өткізіп, 1-3 есебімен жеңіп кеткен еді. Бірақ ол жылдары «Ақтөбенің» проблемалары әлі естеріңізде шығар: миллиардтаған қарыз, трансферлік бан, жергілікті жас футболшылардан құралған команда еді. Қазір мүлдем басқа жағдай.

«Сепсидің» мықты футболшыларын атап кетсек. Словакия Ұлттық құрамасының шабуылшысы Павол Шафранко, бір кездері Венесуэла Ұлттық құрамасына ойнаған Марио Рондон, Виталий Дамашкан деген молдовалық футболшы да Ұлттық құраманың негізгі ойыншысы және шабуылшы Роланд Варга да Венгрия Ұлттық құрамасында ойнап жүр. Көріп отырғаныңыздай шабуыл шебіндегі ойыншыларының деңгейі жоғары.

Букмекерлердің ойынша анық фаворит алаң иелері екен, ал меніңше бүгінгі матчтың анық фавориті – «Ақтөбе» клубы, тек 2-3 күн сайын матч өткізіп жатқаны кері әсерін тигізбесе, қонақтар бүгін Румыниядан жеңіспен қайтуы керек.

Иә, румын тілінде «Сепси» сөзінің айтылуы «Шепши» болады екен.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров