Жарнама
Жарнама

АЛТЫНШЫ ДИВИЗИОННАН «ЛИВЕРПУЛЬ» НЕГІЗГІ ҚҰРАМЫНА ДЕЙІН

13.11.2020, 02:12
Ван Дейкті жоқтатпайтын жас талант өсіп келеді.
Жарнама
Жарнама


«Ливерпуль» ойыншылары бірінен соң бірі жарақат алуда. Әсіресе қорғаушыларға жарақат қырғидай тиіп тұр. Тәжірибелі орталық қорғаушылардан тек Джоэль Матип қалды. 

«Ливерпульдің» негізгі орталық қорғаушылары Вирджил Ван Дейк, Джо Гомес, қорғаушы қызметін атқара алатын Фабиньо сынды ойыншылардың жарақат алуы, Джоэль Матиптің алаңға шығып жүрсе де алдыңғы жарақатынан кейін физикалық әлеуетінің төмен болуы жас таланттардың өзін көрсетуіне үлкен мүмкіндік сыйлады. Сондай болашағынан үміт күттіретін қорғаушылардың бірі – Рис Уильямс. 

Рис 2001 жылы Престонда дүние есігін ашып, 10 жасында «Ливерпуль» академиясының табалдырығын аттады. 15 жасынан бастап 2019 жылға дейін «Ливерпуль» жастар құрамасында орталық қорғаушы шебінде ойнады. 2019 жылы Солтүстік ұлттық лигасында (алтыншы дивизион) өнер көрсететін «Киддерминстер Харриерс» клубына жалға берілді. Ол жақта отыздың ордасын бұзған «ақсақалдармен» ойнап, мұрнын сындырып, миы шайқалып, ауруханадан бірақ шығады. Осының бәріне мойымай, алтыншы дивизионда 26 матч өткізіп, бір гол соғып, «Ливерпуль» академиясы мен негізгі команданың арасындағы көпір саналатын Витор Матостың көзіне түседі. Сөйтіп Витор жас талант жайлы Клоппқа жеткізеді. Осы жайында Юрген: «Жарақат алғандар лебі күшейіп тұрғанда, Витор: Рис Уильямс деген жігіт бар, өте талантты, оны жаттығуға алуымыз керек деді. Шынымды айтсам, ол жігіт жайлы бұрын естімеппін, бірақ ол алғашқы сәттен-ақ мені таңқалдырды және бізге үлкен көмегі тиді», - дейді. 

Ал «Киддерминстер Харриерс» сапындағы командаласы Рассел Пен Ристі алғаш көргенде: «О, Құдайым, бұл бүркемеленген Вирджил Ван Дейк қой!», - деп таңданысын жасырмаған. Шынымен де Ристің бет-әлпеті, 1.95 сантиметрлік сұңғақ бойы, африкалық стильдегі бұйра шаш үлгісі бәрі-бәрі «сәби бейнесіндегі Ван Дейк» деген лақапатқа дәлме-дәл келеді. 

Сөйтіп «сәби бейнесіндегі Ван Дейк» 2020 жылдың қыркүйегінде «қызылдармен» ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Келісімшарт 2025 жылға дейін жазылған. Шартқа қол қойғаннан кейін Рис Уильямс: «Сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Көздеген мақсатым осы болғаннан кейін, қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Босс» маған сенім артты. Бұл менің ғана емес, отбасымның да арманы еді. Мен өз сыйлығымды алдым. Өте қуаныштымын!», - деп ағынан жарылды 19 жасар қорғаушы.

Мерсисайдықтар сапындағы дебюттік матчын Англия лигасының кубогі аясындағы «Линкольнге» қарсы ойында өткізді. Одан кейін дәл осы турнирде «Арсеналға» қарсы да 90 минут аянбай тер төкті. Чемпиондар лигасында «Аякс» пен «Мидтьюланнға» қарсы кездесулерде қосалқы құрамнан шығып отырды. Ал Чемпиондар лигасындағы алғашқы толыққанды ойыны – топтық кезеңнің 3-турындағы «Аталантамен» өткен матч. Осы ойыннан кейін Уильямс «сыншылардың» оңбағасын алды және де екінші қабатта өте тамаша ойнайтынын көрсетті. Осы жайында «Ливерпульдің» ардагері Джейми Каррагер: «Әуеде допқа таласудың шебері, Фабиньо мен Джо Гоместе жоқ талант бар», - дейді. 

Ал оң қапталдағы әріптесі Александр-Арнольд: «Ол мүлде қателеспеді. Аз ғана тәжірибесі мен жастығына қарамастан, әлемдік деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті», - деп Ристің ойынына жоғары баға берді.

Джо Гоместің Англия құрамасы сапында жарақат алуы Ристің негізгі құрамға мықтап жайғасуына жол ашары сөзсіз. Тек жұлдыз ауруына шалдығып, Балотелли көкесіне ұқсап,жаттығуларға ат үсті қарап кетпесе болғаны.

Марғұлан ЖАҚЫП


Жарнама
Жарнама

Новости партнеров