Жарнама
Жарнама

Адалдықтың ақ туын аттамаған

26.12.2018, 18:43
Жарнама
Жарнама
Адалдықтың ақ туын тіккен адал жандар арамызда. Футболда шыншылдықты дәріптеп, әрқашан ақ жолдан айнымаған арда тұлғалар туралы не білеміз? Кез келген жанкүйер мұндай қасиетті футболшы бойынан көрсе, дәріптеп мақтап жатады. Ендеше мен білетін осындай оқиғаларды айта кетсем. 1962-жылы Әлемдік мундиаль Чилиде өтті. Екі жыл бұрын Еуропа кубогын жеңген КСРО құрамасы мықты тегеурінді құрамалардың бірі еді. Оңтүстік Америкадағы атмосфера мен таулы аймақтың ауасына үйреніскен ұжым өз тобынан аман шықты. Сол топтағы соңғы ойын Уругваймен болған матчы тарихта қалды. Есеп 1:1 болып, ойынның соңына таман кеңестік ойыншылар қарсыласты қыса түсті. Игорь Численко алыстан тепкен доп қақпа ішінде тулап жатты. Бұл ойынның 79-минуты болатын. Тоблодағы көрсеткіш 2:1 болып өзгерді. Алайда, КСРО құрамасының ойыншысы Игорь Нетто төрешіге доптың қақпа сыртанан енгенін көрсетті. Анықтап барып, барлығы қараса доп қақпаның қапталындағы торды тесіп өтіпті. Ол кезде әрине қазіргідей керемет торлар жоқтың қасы. Әрі бейнеқайталауда жоқ. Жалпы, сол матчтың видеосы да әлі күнге дейін табылмаған. Неттоның айтқанына сенген италиялық төреші Ионни есепті қайтадан 1:1 қылды. Міне, осындай адалдық танытқан Нетто футбол тарихында қалды. Осы күні елестетіп көріңізші, матч бітуге 11 минут қалғанда гол соғып, Әлем біріншілігінің плэй-оффына өтіп тұрғанда әділдік айтып, есептелген допты алдыртып тастасаң не боларын. Осы уақыттарда дүркіреген ағылшын футболшысы Стэнли Метьюз де осындай іс-қимылдарымен ерекшеленетін. Айып алаңында Метьюз құлап қалып, сол үшін пеналти белгіленсе Стэнли «бұл пенальти дұрыс белгіленбеді, мен өзім шалынысып құладым» деп 11 метрлікті әдейілеп келіп қисық тепкен. Тура осындай адалдық кейіндері қатты азайды. Керісінше футболшылар қулыққа көшті. Филиппо Индзаги дәуірінен бастап симуляция мен ашық түрде пенальти сұраудың өзі футболдың жеке дара элементіне айналды. 2009-жылы Румыния чемпионатында «Рапид» пен «Оцелул» деген екі команда ойын өткізеді. Сол матчта Костин Лазар деген «Рапидтің» ойыншысын қарсыластар шалып жығып, төреші бірден 11-метрлікке көрсетеді. Алайда, Лазар айып добын тебуден бас тартты. Ол төрешіге байқаусызда өзінің құлап қалғанын айтты. Осыдан кейін УЕФА оған «Фэйр плэй» жүлдесін берді. Мирослав Клозенің де бір ойында гол салып, кейіннен төреші есептеп қойғаннан кейін қолмен соққанын мойындады. Ал Несіп Жүнісбаев көрген Марадонна олай жасамаған еді. Бүкіл бейнеқайталауда ол голды қолмен соққаны анық көрінді. 2014 жылы неміс Бундес лигасында осыған ұқсас оқиға болды. Тағы да пенальти дауы. Ньюрнберг» пен «Вердер» арасындағы ойында қонақтардың шабуылшысы Арон Хунт айып алаңына үлкен жылдамдықпен келіп, шалынысып құлайды. Төреші еш ойланбастан пенальти белгіледі. Алайда, Арон ар аттамай, төрешіге өзінің байқаусызда құлағанын айтты. Осы сәтте «Ньюрнберг» ойыншылары тегіс келіп Хунттың бұл ісін құнттап, «нағыз ер екенсің» деп қолын алып, арқасынан қақты. Міне, нағыз қаһармандық. Хунтты содан бері көптеген жанкүйерлер қатты сыйлады, жақсы көрді. Осыдан кейін Германия біріншілігінде тағы бір атышулы оқиға орын алды. «Байердің» шабуылшысы Штефан Кислинг баспен әдемі гол салды. Төреші де, жанкүйерлер де голды тойлатып жатты. Тіпті, қарсылас команданың қақпашысы да 100 пайыз гол болды деп есептеді. Бірақ, бейнеқайталауда көрінгендей Кислинг доптың қақпаның сыртынан енгенін анық байқаған. Доп қақпа торын жыртып өткен. Бірақ, өзінің соққан қате голын Кислинг «заңсыз» деп айтуға аузы бармады. Көптеген фанаттар осы шаруасы үшін Кислингке қара жақты. Біріккен Араб әмірліктерінде де осындай қызық оқиғалар орын алды. Аяқ киімінің бауы шешіліп кеткен қақпашы көмек сұрайды. Бауын байлап беруге қарсылас команданың ойыншысы келіп көмектеседі. Қақпашының қолғабы өздеріңіз білетіндей бау байлауға икемсіздеу. Одан кейін тура сол жерден допты аспанға тепкен қақпашының іс-қимылынан төреші ойын тәртібінің бұзылғанын байқайды. Сөйтсе, әлгі қақпашы қарсылас команданың футболшысына рақмет айтып, қолын созған. Сол кезде байқаусызда айып алаңынан шығып кетіпті. Айып добы белгіленді. Алайда, қарсылас команданың футболшысы допты жақтауға қарай жай тебе салды. Бұл оқиға да барша мұсылман жұртының, арабтардың тегіс ду қол шапалағын туғызды.

Ермұхамед Мәулен

"Комментатор күнделігі" кітабынан

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
"Интерге" не жетіспейді?
Келесі жаңалық
Құрбан Бердыев