Футболдан Швейцария құрамасы әлем чемпионаты тарихында фаворит команда саналмаса да, соңғы үш чемпионаттың екеуінде топтық кезеңге шығуға мүмкіндік алған. Құрамында Штефан Лихтштайнер, Гранит Джака және Джердан Шакири секілді талантты футболшылары бар Швейцария биылғы додада топ жаруға тас-түйін дайын отыр.
Футбол тарихынан аяқдоп өнері ең алғаш Ұлыбританияда пайда болған деп білеміз ғой. Дегенмен футбол ойындары Британиядан бөлек Швейцарияда да ойнала бастаған. Сонымен қатар әлемдегі тұңғыш команда «Санкт Галлен» 1879 жылы Лозаннада құрылып, әлі күнге дейін клуб ретіне ойын өткізіп келеді. Халықаралық футбол федерациясын (ФИФА) құрған алғашқы жеті мемлекеттің ішінде Швейцария болғанын ескерсек, бұл құраманың да футболға таласы бар екенін аңғартатындай.
Швейцарияға футбол ерте келгенімен, өте кеш дамыды. 1934 және 1966 жыл аралығында әлем чемпионатына қатысқанымен, ширек финалдан әрі аса алмаған. Ал 1970 пен 1990 жылдар аралығында Швейцария әлем чемпионатында да, Еуропа біріншілігінде де жарытып доп тепкен жоқ. Себебі 20 жыл бойы аталған ешқандай біріншіліктің финалына шыға алмай келді.
1990 жылы құрамаға ағылшын жаттықтырушысы Рой Ходжcонның келуімен Швейцария футболы жаңа дәуірге аяқ басып, бұрынғы абыройын қайта тіктей бастады. Ең бірінші 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатына қатысып, 1/8 финалға дейін, араға екі жыл салып Еуропа чемпионатында бой көрсетті. Бір қызығы, 1996 жылғы біріншілік Швейцария тарихындағы ең бірінші қарт құрлық чемпионаты ретінде тарихта қалды.
Швейцария құрамасы соңғы рет 2014 жылы Бразилияда өткен доп додасына қатысып, 1/8 финалға дейін жеткен. «Е» тобында сынға түскен швейцариялықтар Франциямен бірге алғашқы екі орынды бөлісіп, келесі кезеңге жолдама алды. 1/8 кезеңінде болашақ финалист Аргентина құрамасына тап келіп, қосымша уақытта ғана Мессидің командаластарына есе жіберіп қойды.
Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Швейцария құрамасы Португалия, Венгрия, Фарер аралдары, Латвия және Андоррамен бірге бір топта жалғыз жолдаманы сарапқа салды. Жеребе тарту рәсімінен кейін-ақ топтағы ең үздік екі құрама белгілі еді. Тек бірінші орын мен жолдамаға ие болатын команданы ғана анықтау қалған еді. Іріктеу барысында біз чемпион команданы анықтау барысы оңайға соқпағанына көз жеткіздік.
Швейцария соңғы тур алдында 9 ойынның барлығында жеңіске жетіп, топ жеңімпазы ретінде жолдаманы иеленуге бір табан жақын тұрған-ды. Ал Роналду бастаған Португалия құрамасының алғашқы турда Швейцариядан жеңілгенін айтпағанда, 8 жеңіспен екінші орында Швейцарияны ізбе-із қуып келе жатқан болатын. Жолдаманы нақты қай команда иеленетіні Португалияда өтетін соңғы турда анықталатын еді. Тартысқа толы өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетіп, швейцариялықтар топта екінші орынға түсіп қалды. Дегенмен Швейцария құрамасы жолдама берер қосымша матчта Солтүстік Ирландияға қарсы ойнап, тәжірибесінің арқасында жолдамаға иелік етті. Осы жетістігінің арқасында Владимир Петкович шәкірттері ФИФА рейтингінде сегізінші орынға дейін көтерілуге мүмкіндік алды.
Әлем чемпионатының финалдық кезеңінде Швейцария «Е» тобында Бразилия, Коста-Рика және Сербия құрамасына қарсы ойын өткізеді. Швейцариялықтар алғашқы турда-ақ әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилиямен сынға түседі. Екінші турды Сербияға қарсы өткізсе, соңғы турда Коста-Рика құрамасымен жолығады.
Швейцария құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Роман Бюрки («Боруссия Д», Германия), Ивон Мвого («Лейпциг», Германия), Янн Зоммер («Боруссия М», Германия);
• қорғаушылар: Мануэль Аканджи («Боруссия Д», Германия), Йоан Джуру («Антальяспор», Түркия), Нико Эльведи («Боруссия М», Германия), Михаэль Ланг («Базель»), Штефан Лихтштайнер («Арсенал», Англия), Жак-Франсуа Мубандже («Тулуза», Франция), Рикардо Родригес («Милан», Италия), Фабиан Шер («Депортиво», Испания);
• жартылай қорғаушылар: Валон Бехрами («Удинезе», Италия), Блерим Джемаили («Болонья», Италия), Желсон Фернандеш («Айнтрахт», Германия), Ремо Фройлер («Аталанта», Италия), Джердан Шакири («Сток Сити», Англия), Гранит Джака («Арсенал», Англия), Стивен Цубер («Хоффенхайм», Германия), Денис Закария («Боруссия М», Германия);
• шабуылшылар: Йосип Дрмич («Боруссия М», Германия), Бриль Эмболо («Шальке», Германия), Марио Гавранович («Динамо», Хорватия), Харис Сеферович («Бенфика», Португалия).
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»