Әлем чемпионатының алғашқы күндері әртүрлі көңіл сыйлады. Ұйымдастыру жағы сынға алынып, қонақ болып келген жанкүйерлер ауыр жағдайға түсті. Дегенмен соғылып жатқан голдар мен командалардың өнері күткеннен де артық болуда. Ал әзірге Еуропа футболы үстемдік құрып тұрғаны анық.
Екатеринбургтегі бос трибуналар
Екатеринбург қаласындағы стадионда өткен Мысыр мен Уругвай ойынында бос трибуналар болды. Телекөрсетілімде бұл жағдай анық байқалып, әлемдік баспасөз қазір Ресейді ұйымдастыру жағынан сынға алды. Әлемде көптеген адамдар мундиаль көре алмай, сандалып билет таппай жүргенде бұл қалай болды дейді? Оның да бірнеше жауабы бар. Ең қарапайымы, сол ойынның алдында билеттер сатылымға шыққанда электронды қызметтер істен шыққан. Яғни оған ФИФА-ның да қатысы бар. Жүйеден ақау кетіп, көрермендер керекті билеттерін ала алмапты. Билет сататын сайт қазір реттеліп, қалпына келтірілді.
Роналдудың солосы
Чемпионатта болған әзірге ең тартысты матч Испания мен Португалия арасында өтті. Осының алдында өткен ойындардың барлығы аса қатты тартысты бола қоймап еді. Футбол мамандары тіпті голдар аз соғылып жатыр, ойындар қызық емес деп те қобалжи бастаған. Бірақ Криштиану Роналдудың хет-тригі чемпионатты қыздыра түсті. Алма-кезек гол соғып, таразы басын әрлі-берлі теңселткен ойынның ең соңғы есебі 3:3 болды. Ал Роналдудың соңғы минутта айып добынан соққан голы биылғы чемпионаттағы әдемі гол болып тұр. Әрине уақытша деп сенейік.
Журналистер қауымы Роналдудың бұл ерлігін асыра жазып, мақтауын келістіріп жатыр. Биылғы «Алтын допты» португалдық ойыншы алуы тиіс деп ерте бастан пікір айтқандар да жоқ емес. Чемпиондар лигасын жеңіп, әлем чемпионатында да атой салса, «Алтын допты» Роналду алмағанда кім алсын? Алайда чемпионат тек енді ғана басталды.
Месси мүлт кетті
Роналду бар қырынан көрініп Португалияны жалғыз сүйреп жүрген соң, Месси де солай өнер көрсетуі тиіс болды. Лионель де Аргентинаны алға жетелеп шықты. Исландияға қарсы өткен ойын ыңғайсыз әрі сәтсіздікпен өрілді. Есеп 1:1 болып тең аяқталғанымен, Аргентина бұл нәтижеге қанағаттанбады. Ойын барысында Месси де пенальтиден гол соға алмады. Лео соңғы тепкен 7 пенальтиінің 4-ін соқпады. Ал жалпы алғанда, осы біріншілікте 2 рет пенальти голға айналмады. 2014 жылмен салыстырғанда бұл ендігі біреуге артық. Бразилиядағы чемпионатта тек бір ғана пенальти қиыс тебілді. Франция шабуылшысы Карим Бензема мүлт кеткен болатын.
7 жанкүйерді қағып кетті
Мәскеудің қақ ортасында 7 жанкүйерді такси қағып кетті. Жол сақшыларының мәлімдеуінше, такси жүргізушісі Қырғызстан азаматы екен. Автокөліктің тізгінінде отырған ол қалғып кетіп жол жиегіне шыққан. Соның салдарынан 7 жолаушы зардап шеккен. Олардың ішінде екеуі Мексика құрамасының жанкүйері екендігі де анықталды. Ең бастысы, ешкім аса қатты ауыр жарақат алмаған.
Қиын жағдайға түскен такси жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ кейіннен ұсталып, өз кінәсін мойнына алды. Полицейлерге айтқан жалғыз уәжі – 20 сағат бойы ұйықтамай, рөлде болыпты.
Дайындаған Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»