Еуро - 2020 турнирінің басталуына бір айдан сәл асатын уақыт қалды. Иә, дұрыс, қателесіп тұрған жоқсыз 2020. 2021 өткелі отырған бұл ала доп додасының бір жылға кешігіп жетуінің себебі сіз бен бізге жақсы мәлім. Еуропаның түкпір-түкпірінде болатын тартыстарға куә болмақпыз. Себебі, бұл доп додасы Еуропаның 11 ірі қаласында өтеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Еуропаның 11 ірі қаласы мынадай: Лондон (Англия), Рим (Италия), Мюнхен (Германия), Баку (Әзірбайжан), Санкт-Петербург (Ресей), Будапешт (Венгрия), Севилия (Испания), Бухарест (Румыния), Амстердам (Голландия), Глазго (Шотландия), Копенгаген (Дания).
Турнир өз шымылдығын Италия астанасы Римде "Олимпиадалық" стадионда түріп, нүктесін Англия астанасы Лондонның "Уэмбли" стадионында қояды.
Еуропаның мықты құрамалары бақ сынайтын бұл бәсеке, 24 команданың қатысуымен екінші мәрте өткізілмек. 2016 жылы да дәл осылай 24 команда бақ сынап, Португалия жеңіске жеткен.
24 команда төрттен алты топқа жіктеліп, әр топтан үздік шыққан екі құрама және үшінші орын алған командалар арасынан алғашқы төрт үздік нәтиже көрсеткен құрама 1/8-ге жолдама алады. Тиісінше жеңген құрамалар финалға дейін екеу ара мықтылар арасынан анықталып отырады. Қалған ойын жүйесі түсінікті, топтық кезеңнен кейінгі ойындарда, 90 минутта жеңімпаз анықталмаса, 15 минуттық қосымша екі кезең, одан нәтиже тең болып жатса 11 метірлік айып добына кезек беріледі.
Құрамалар алаңда бес ойыншыны ауыстыруға құқылы, ал қосымша тайм ойналса алаңға алтыншы ойыншыны тыңнан қоса алады. Сондай-ақ, құрамалар биыл 23 емес, өз қатарын 26 ойыншымен жасақтауға мүмкіндігі бар.
Осы турнирдегі тағы бір қуанышты жаңалық, ойын өткізілетін мемлекеттегі пандемиялық жағдай мен стадионның сыйымдылығын ескере отырып белгілі бір мөлшерде аренаға жанкүйерлер кіргізілмек.
"Олимпиадалық стадион" (Рим, Италия)
72 мың адамды құшағына сыйдыратын бұл стадионда италиялық "Рома" мен "Лацио" өнер көрсетеді. 1968 және 1980 жылдары Еуропа додасының финалдық кезеңін қабылдаған, ал 1990 жылы әлем чемпионатының финалы өткен стадион.
"Олимпиадалық стадион" топтық кезеңнің 3 ойынын, 1/4 финалдың бір ойынын қабылдамақ.
"Альянц Арена" (Мюнхен, Германия)
75 мыңдық бұл алаңда, турнирдің топтық кезеңдегі 3 ойыны, 1/4 финалдың бір ойыны өткізіледі.
"Олимпиадалық стадион" (Баку, Әзірбайжан)
70 мың адам сыйғызатын осы бір стадионда топтық кезеңнің 3 бәсекесі, 1/4 финалдың бір тартысына куә боламыз.
"Санкт-Петербург" (Санкт-Петербург, Ресей)
Ресейлік "Зениттің" үйдегі ойындарын қабылдайтын бұл стадион сыйымдылығы 61 мың адамға шақталған. Бұл жерде де топтық кезеңнің 6 ойыны мен 1/4 финалдың бір матчы өткізіледі.
"Ференц-Пушкаш" (Будапешт, Венгрия)
Топтық кезеңнің 3 ойыны, 1/8 финалдың бір ойынын қабылдайтын бұл стадион өз құшағына 65 мың жанкүйерді сыйдыра алады.
"Севиляның Олимпиадалық стадионы" (Севилия, Испания
Стадиондар тізіміндегі үшінші "Олимпиадалық" стадион. 60 мыңдық бұл аренада топтық кезеңнің 3 ойыны мен 1/8 финалдың бір ойыны өтеді.
"Ұлттық стадион" (Бухарест, Румыния)
Бұл арена шамамен 55 мың адамға шақталған. Топтық кезеңнің 3 ойынымен қатар, 1/8 финалдың бір ойыны өткізіледі. Өкініштісі сол Румыния ұлттық құрамасы бұл додаға жолдама ала алмады.
"Йохан Кройф Арена" (Амстердам, Голландия)
"Аякстың" 53 мыңдық бұл стадионы да топтық кезеңнің 3 ойынын, 1/8 финалдың бір ойынын қабылдайды.
"Хэмпден Парк" (Глазго, Шотландия)
51 мың жанкүйерді сыйдыратын 118 жастағы бұл қарт стадионда топтық кезеңнен 3 ойын, 1/8 финалдың бір ойынын тамашалаймыз.
"Паркен" (Копенгаген, Дания)
Копенгаген қаласындағы бұл арена топтық кезеңнің 3 ойыны, 1/8 финалдың бір ойынын қабылдайды. Сыйымдылығы шамамен 51 мың адам.
"Уэмбли" (Лондон, Англия)
Финал өтетін бұл стадион 90 мың жанкүйерге алаңнан ойын тамашалауға мүмкіндік сыйлайды. Жасыл алаң төрінде финалдан бөлек топтық кезеңнен 3 ойын, 1/8 екі ойын, жартылай финалдық қос ойын ойналады.
Биылғы Еуропаның үздіктері бас қосқан бұл аламан 12 маусым мен 12 шілде аралығына жоспарланған.
Серікбол Нақысбек
Біздің серіктес: FONBET