Дер-класикер финалын көре аламыз ба?

01.05.2024, 16:01

Чемпиондар Лигасының биылғы маусымының жартылай финалында Германияның қос белді ұжымы өнер көрсетуде. Олар дортмундтық “Боруссия” мен мюнхендік “Бавария”. Аталған ұжымдар 2013 жылғы “Уэмблиде” өткен финалды қайталай ала ма? Әлде неміс финалын көру бізге арман боп қала ма?

Дер-класикер финалын көре аламыз ба?

Әуел-баста 2013 жылы өткен Чемпиондар Лигасындағы “Бавария” мен “Боруссияның” жүріп өткен жолдарына тоқталғанды жөн көрдім. Еурокубоктің басты додасының топтық кезеңінен бастаған қос ұжым өз квартеттерінде топ жарып, бірінші орынмен шықты. Топтық кезеңде “Боруссияның” қарсыластары қиын болды. “Реал” мен “Манчестер Сити” секілді азуын айға білеген клубтармен бақ сынасу дортмундтық ұжым үшін сол сәтте мүмкін болды. 6-турдың қортындысы бойынша Юрген Клопп шәкірттері 14 ұпай жинап, Д-тобында жекелей көш бастады. Ал “Баварияға” топтық кезеңде сәттілік жолдас болды. Неміс ұжымы плей-оффқа дейін “Валенсия”, БАТЭ және “Лилль” сыңды ортаңқол клубтарды бір-бірден жеңіп шықты. Нәтижесінде топтық кезеңде Юпп Хайнкес командасы 13 ұпаймен келесі раундқа еш қиындықсыз жолдама алды. Плей-оффтағы жеребе керісінше “Боруссияға” жолдас болды. “Аралар” жартылай финалға дейін “Шахтер” мен “Малагаға” қарсылас атанып, оларды сенімді түрде жеңді. Ал топта жеңіл болған “Бавария” 1/8 финалдан бастап мен-мендеген командаларға кезікті. Алғашқы ойынында “Арсеналдан” жеңілген Мюнхен ұжымы сырт алаңдағы соғылған голдардың арқасында 1/4 финалға өтті. Аталған кезеңде “Баварияның” жолы “Ювентуспен” түйісті. Алайда “канонирлерге” қарағанда, Италия чемпионын ұту Юпп Хайнкес шәкірттеріне оңайға соқты. Қос ойын қорытындысы бойынша “Бавария” “зебраларды” 4:0 есебімен ұтты. Чемпиондар Лигасының сол маусымында жанкүйерлер Дер-Класикер мен Эль-Классико финалын күткен болатын. Себебі, “Боруссияға” топтас болған “Реал” “сары-қараларға” қайта қарсылас атанса, ал “Баварияға” “Барселона” қарсы тұрды. Мюнхендік ұжымға қарағанда, финалға шығу “Боруссияға” қиынға соқты. Юрген Клопп командасы топта бір жеңіп, бір тең түскен “Реалды” 4:3 есебімен әзер ұтты. “Баварияға” келсек, неміс машинасы “Барселонаның” еурокубоктегі ең ірі жеңілістердің бірін тіркеді. Қос ойын қортындысы бойынша каталондық ұжым 7:0 есебімен есе жіберді. Мықты шабуылшылармен жасақталған блаугрананың “Бавария” қақпасына бір гол соға алмағаны әлі күнге дейін футбол жанкүйерлеріне қызық. Осылайша қарсыластарынан басым түскен “Боруссия” мен “Бавария” неміс финалын өткізді. 90 минут қорытындысы бойынша қалқанқұлақ кубок Мюнхенге жол тартты. Негізінде матч қосымша экстра-таймға ұласуға жақын еді. Алайда Арьен Роббен Дортмунд қорғаушыларының ойын соңына қарай есеңгіреп қалғанын пайдаланып, ортадан зулай өтіп, қақпашы Вайденфеллерден айласын асырып кетті. 89 минутта салынған гол “аралардың” салын суға кетіріп, мюнхендіктердің төбесін көкке көтерді. Аталған финалдық кездесуде Арьен үздік ойыншы атанды. Шешуші гол соққанға дейін голандиялық Марио Манджукичке голдық пас берген болатын. Жалпы матч Юпп Хайнкесс шәкірттері пайдасына 2:1 есебімен шешілді. 

Енді араға 11 жыл салып, “Боруссия” мен “Бавария” финалда кездесуге жақын. Ол үшін неміс ұжымдары “Реал” мен “ПСЖ” клубтарынан басым түсуі керек. Айта кетейік, “Бавария” өзінің жартылай финалдағы алғашқы ойынын өткізіп үлгерді. “Реалды” өз алаңында қабылдаған “қызылдар” матч соңына дейін жеңісті есепті сақтап қала алмады. Ким Мин Джэ Родригоға қарсы өз алаңында ереже бұзбай, командаға пенальти әкелмегенде, “Бавария” 2:1 есебімен Мадридке жеңісті көңіл күймен баратын еді. Болатын іс болды, бояуы сіңді демекші, “Сантьяго Бернабеудегі” кездесу аталған жұптың текетіресіне нүкте қояды. Жеңімпазды нақты болжап айту қиын. Соңғы өткізген ойындарына қарасақ, қос командада деңгейлес. Сол себептен, екінші ойынды асыға күтеміз. Не боларын соңда білеміз! Жартылай финалдың екінші жұбында “Боруссия” бүгін “ПСЖ” қабылдайды. “Сигнал Идуна Парктегі” атмосфераны сіздерге айтпасамда білесіздер. Командасын керемет перфоманспен қолдайтын жанкүйерлер “Боруссияны” алға жетелейтіні анық. Бірақ “ПСЖ” командасы да жеңісті беріп қойып отырмайды. Ішкі чемпионаттың мәселесін мерзімінен бұрын шешіп тастаған француз ұжымы осы маусымның үздік сұрмергендерінің бірі Килиан Мбаппе барда, Чемпиондар Лигасына қол жеткізуді мақсат етеді. Себебі, осы жазғы трансферлік ауысымда Мбаппе “Баварияның” қазіргі қарсыласына ауысады. Луис Энрике бастаған команда Дортмундқа тек жеңіс үшін келеді. Осыны негізге ала отырып “араларда” аянып қалмауы тиіс. Оларда команда аңызы Марко Ройспен көңілді нотада қоштасқысы келеді. 2012 жылдан бері “Боруссияда” өнер көрсетіп келген 34 жастағы футболшы осы маусымнан кейін мансабын аяқтайды. Егерде сәттілік пен шеберлік жолдас болып, “ПСЖ” артта қалса, “аралар” финалға жолдама алады. Одан кейін таудың арғы бетінде “Бавария” “Реалды” тізе бүктірсе, көп ел күткен дер-класикер ойыны өз бастауын алмақ. Егерде “Боруссияның” финалда қарсыласы мюнхендік ұжым болса, онда “сары-қаралар” үшін қосымша мотивация болады. Себебі, 2013 жылғы ұтылған дортмунд ұжымының сапында Марко Ройс болған. Қазірде үлкен ұжымның капитаны болған Марко ертеде кеткен өшті кеш болмай тұрғанда қайтаруға мүмкіндігі туады. “Баварияның” өзіндік мотивациясы жоқ емес. Қанша команда ауыстырса да, ешқандай трофейге қол жеткізе алмай келе жатқан Харри Кейн өзіндік қарғысты жоққа шығару үшін барын салады. Жолындағысын жайпап, әр ойында гол соғып келе жатқан сұрмерген үшін Чемпиондар Лигасы қаншама финалда төгілген көз жасқа жұбаныш болады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 14
Ұнамайды 2
Күлкілі 2
Масқара 0

Тегтер:

футбол
Серіктес жаңалықтары
×